2023 жылы облыста 90 әлеуметтік жоба үшін 657,2 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 326,7 млн теңгеге 47 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Маңғыстауда азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған 43 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол үшін қоғамдық ұйымдарға 330,4 млн теңгеге бөлінген. 2022 жылмен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру 139,4%-ға ұлғайған. Ал былтыр 134,4 млн теңгеге 14 жоба іске асырылған.
Гранттық қаржыландырудың жүзеге асырылуы бойынша есептік жиналысқа өңір басшысы Нұрлан Ноғаев және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқармасының төрайымы Лима Диас, өңірлік үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері қатысты.
Облыста соңғы бес жылмен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру 43,6 пайызға өсті.
2022 жылы гранттық қаржыландыру шеңберінде өңірдің азаматтық қоғам ұйымдарына кәсіби және консультациялық көмек көрсету үшін «Маңғыстау облысының Азаматтық орталығы» және үкіметтік емес ұйымдарға арналған арнайы «COWORKING» орталық ашылды.
Сондай-ақ, гранттық қаржыландыру аясында үкіметтік емес ұйымдардың жас көшбасшылары үшін ТМД елдерінде тағылымдама ұйымдастырылып, «Jasart» жастар театры» ашылды.
Аталған жұмыстар аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуде қоғамдық ұйымдардың мүмкіндігі мен әлеуетін кеңінен қолдануға бағытталған.
Лима Диастың айтуынша, республикада осы саланы дамытуда маңғыстаулықтардың белсенділігі өте жоғары.
- Басқа өңірлермен салыстырғанда Маңғыстау облысында азаматтық қоғам өте белсенді дамыған. Біз мұны үкіметтік емес ұйымдардың, белсенді тұрғындардың, еріктілердің саны бойынша көріп отырмыз. Жергілікті атқарушы органдар салаға тиісті деңгейде ден қояды және бұл саланы одан әрі дамыту үшін азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен және жергілікті әкімдікпен бірлесіп, біз білім беру бағытындағы модульді іске қосуды көздеп отырмыз, - деді Лима Диас.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аталған жұмыстар аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуде қоғамдық ұйымдардың әлеуетін кеңінен қолдануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды аспектілердің бірі азаматтық қоғамды дамыту және азаматтардың маңызды шешімдер қабылдауға белсенді қатысуын ынталандыру болып табылатынын атап өтті. Біз азаматтық бастамаларды қоғамның өзекті мәселелерін шешуге тарта отырып, қажетті қаражатты бөліп келеміз. Бұл арнайы күтімді қажет ететін балаларды емдеу, жастарды қолдау және т.б. мәселелер. Егер азаматтық қоғам мықты болса, мемлекет те мықты болады, - деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, Маңғыстау елімізде алғаш рет гранттық қаржыландыру тетігін енгізген өңір. Облыста 781 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішінде 120-ға жуық ҮЕҰ белсенді жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдар өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуде ерекше рөл атқарады.