2022 жылы Маңғыстауда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен 423 жас маман мемлекеттік қолдауға ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
22 ақпанда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласындағы Теңге ауылында болып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Бүгінде аталған ауылда 17 мыңнан астам тұрғын тұрады. Үш жалпы білім беретін мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, медициналық орталық жұмыс істеп тұр.
Теңге ауылының әкімі Талғат Шәудірбаевтың ауылда «Дипломмен ауылға» әлеуметтік бағдарламасы сәтті жүзеге асып, өткен жылы 4 маманға 1 миллион 200 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалғанын айтады.
Жалпы, 2022 жылы облыс бойынша 423 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 131 миллион теңге жәрдемақы алды. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие бойынша тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 208 маманға 954,2 млн теңге бюджеттік несие бөлінді.
Соның ішінде Жаңаөзен қаласында 99 маманға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, 84 маманға 25,7 миллион теңге біржолғы жәрдемақы, 15 маманға тұрғын үй алуға 68,9 миллион теңге бюджеттік несие берілді.
Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады. 2023 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында облыста 411 маманға 143 миллион теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы бөлінді. Сондай-ақ 231 маманға 1 195 миллион теңге жеңілдетілген несиеге баспана алуға көмек көрсетіледі. Соның ішінде Жаңаөзен қаласы бойынша 33 маманға 11,7 млн теңгеге жәрдемақы, 14 маманды баспанамен қамтамасыз ету үшін 72,4 млн теңгеге бюджеттік несие қарастырылуда.
Аталған бағдарлама аясында әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешен мамандары мен мемлекеттік қызметшілерге тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие, біржолғы жәрдемақы түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
Сондай-ақ, былтыр Жаңаөзен қаласында «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 204 адам 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Оның ішінде Теңге ауылының 16 тұрғыны 19 млн 603 мың 200 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды.
2023 жылы Жаңаөзен қаласында 60 адамға 82 миллион 800 мың қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Өтінімдер 3 наурызға дейін қабылданады.
Сондай-ақ «Жұмыс жасаймын» жобасы аясында Жаңаөзен қаласында 650 адам жұмысқа орналасса, оның ішінде Теңге ауылының тұрғыны 164 бар.
Ауыл тұрғындарының басым бөлігін жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамтамасыз ету, ауыл көшелерін асфальттау, теміржол өткелін салу, дәрігерлік амбулаторияны жөндеу сияқты мәселелер толғандырды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін айтты.
– Кәсіпкерлік — нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осы орайда жастардың, ауыл тұрғындарының бастамаларын қолдауға барлық жағдайды жасап отырмыз. Жастардың кәсіппен айналысуына 2,5%-бен 5 миллион теңгеге дейін шағын несие беріледі. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға былтыр 20 млн бөлінсе, биыл грант санын 250 млн теңгеге көбейттік. Мұндай жүмыстарды жылдан жылға арттырып отырмыз. Біздің мақсат - қазіргі жұмыс орнын сақтап қалу және жаңа жұмыс орнын ашуға жағдай жасау, - деді Нұрлан Ноғаев.
Есеп беру кездесуі аяқталғаннан соң аймақ басшысы Теңге ауылындағы азаматтарды жеке қабылдады.