Ақтауда облыс прокуроры Руфат Құттықов аймақ аумағында түрлі жобаларды жүзеге асыратын инвесторлармен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесуге облыс әкімінің инвестиция мәселелеріне жетекшілік ететін бірінші орынбасары, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Аталған басқосудың негізгі мақсаты - проблемалық мәселелерді талқылау және облыстың инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталды.
Руфат Құттыков оның ведомствосына маңызды инвестициялық жобаларды және олармен байланысты барлық процестерді бақылау және сүйемелдеу тапсырылғанын жеткізді.
Сондай-ақ, ол фронт-кеңседе өңірдегі жұмысы туралы мәлімдеп, оның міндеттеріне инвесторлардың құқықтарын қорғау, оларды бұзған жағдайда уақытында қалпына келтіру, консультациялық-құқықтық қолдау, мәселелерді шешуге жәрдемдесу, қызметті сүйемелдеу және проблемалық кейстерді тыңдау кіретінін атап өтті.
Хабарламалар мен шағымдарға жедел назар аудару үшін прокуратураның бастамасымен "WhatsApp" мессенджерінде "инвесторларды қорғау" чаты құрылған.
Кездесуде инвесторлар бірқатар ұсыныстар айтып, кейбіреулері жер аумақтарын жалға алудың қысқа мерзіміне, жекелеген салаларды субсидиялаудың болмауына алаңдаушылықтарын айтып, сондай-ақ, салық салу саласында преференцияның жеткіліксіздігін алға тартты.
Жалпы өңірде ұлттық пулға енгізілген 972 млрд теңге сомасына 29 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 8 жоба арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына тиесілі.
Кездесу қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар енгізіліп, фронт-кеңсе мүшелеріне, сонымен бірге, жоба әкімшілеріне тиісті тапсырмалар берілді.