Маңғыстаулық полицейлер Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 34 жыл толып отыр. Ауған соғысы - Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Әлемді дүр сілкіндірген 9 жыл 10 айға созылған соғыс, қаншама қазақстандық отбасына қайғы мен қасірет әкелгені сөзсіз. Сондықтан елімізде жыл сайын соғыста қаза болған ардагерлерге тағзым етіп, еске алады.
қазақ тарихы үшін маңызды күндердің бірінде Маңғыстау облысы Полиция департаменті ғимаратында облыстың бас полицейі, полиция генерал-майоры Аян Дуйсембаев Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті. Кездесуге ведомстваның жеке құрамы да қатысты. Өздерінің жауынгерлік борыштарын адал атқарып, елге абыроймен аман-есен оралғаннан кейін көп жыл ішкі істер органдарында қызмет жасап, халықтың тыныштығы үшін күндіз-түні талмай еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Ауған соғысының 8 ардагері бүгінгі күнде арамызда. Олар: полиция полковнигі Махсот Манғұбаев, полиция подполковниктері Шакир Унаев, Александр Скляров, полиция майорлары Нұрлан Базарбаев, Асқар Темірәлиев, полиция капитандары Бауыржан Онаев, Мұратбай Сатов және полиция аға сержанты Бердібай Айдынбаев.
Кездесу жиынында департамент бастығы полиция генерал-майоры Аян Сабитұлы алғысөз сөйлеп, қан майданда ерліктің үлгісін танытқан батырларға алғысын білдірді. Ауған жерінде қаза болған сарбаздардың және бүгінгі күнде арамыздан кеткен Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне Бір минуттық үнсіздік жарияланды. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Ауған соғысының ардагерлері Маңғыстау полициясының тарихынан сыр шертетін департамент музейінде болды. Сондай-ақ, Аян Сабитұлы олардың әрқайсысына символдық сыйлық ретінде қолсағат табыстады.
Отан үшін жанын пида еткен азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу - әр адамның қасиетті борышы, әрі парызы. Бұл соғыста өрімдей жас жігіттер, ардақты ағалар, аяулы әкелер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. Бұл батылдық пен ерліктің көріністері бүгінгі жастарымызға зор тағылым болмақ.