ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Қазақстанның батыс өңірлерінде болған төтенше жағдайдың салдарын жою мәселесі қаралды. Аталған жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев МАЭК-тегі жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«МАЭК станциясында электр энергиясын өндіретін үш станция бар. Бір станцияда жылу энергия станциясының бірінші энерго блогы кеше 17:30-да тоқтаған болатын. Соның салдарынан 133 мб генерация төмендеді. Тұрмыстық тұрғындарға және өндіріс орындарына шектеу қойылды. 113 мб-қа дер кезінде қабылданған шешімдердің нәтижесінде бір сағаттың ішінде тұрғындарға шектеуді алып тастадық. Қазіргі таңда тұрғындарға шектеу жоқ, бірақ өндіріс орындарында 90 мб жуық электр энергиясын шектеу бар. Бұл негізінен мұнай компанияларында және де Атырау бағытында 40 мб Маңғыстау облысы беріп отыр. Аталған жағдайға қатысты комиссия құрылып, болған ақаудың себебі мен салдарын анықтау мәселесімен айналысады. Қазандық қалыпты жағдайда 230 градус температурада жұмыс істейді. Кеше тоқтағаннан бері ол қазір суытуда, яғни, 100 градус шамасында тұр. Түнгі 12-ге дейін жұмыс істеуге мүмкіншілік болады деп есептейміз. Жоспар бойынша 6 шілдеде іске қосылады», - деді облыс әкімі.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес апаттың себептерін тексеру үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылғанын айтып өтті. Оның жұмысына Премьер-Министр өзі басшылық етпек.