Құрметті Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мерекесі - Конституция күнімен құттықтаймын!
Еліміздің негізгі Ата Заңы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Сол кезден бастап, Конституция күні – еліміз үшін маңызды мерекелердің бірі. Конституция – саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің кепілі! Ата Заңымыздың бұлжытпай орындалуының арқасында еліміздің іргесі бекіді, халқымыздың татулығы мен тұрақтылығы нығайды, бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп, Қазақстан жүзден аса ұлт өкілдерінің аяулы атамекеніне айналды.
Былтыр 5-маусымда елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға болды, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ата Заңға өзгертулер енгізуге байланысты референдум өтті. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертіп, бүкіл қоғамның дамуына тың серпін әкелді. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Қадірменді жерлестер!
«Бағалай білмегенге бақ қонбайды, Қуана білмегенге құт қонбайды» - деп заманымыздың заңғары, абыз Әбіш ағамыз айтқандай, барымызды бағалап, егемен еліміздің бірлігі мен ынтымағы үшін жасап жүрген игі ісіміз берекелі болғай!
Сіздерге зор денсаулық, бейбіт өмір, жақсылық және табыс тілеймін!
Құрметпен, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев