Астанада 8-сынып оқушылары арасында «IQanat-2023» республикалық олимпиадасы өтті. 800-ден аса ауыл оқушысы бақ сынаған білім бәйгесіне Маңғыстау облысынан 39 оқушы қатысты. Нәтижесінде 11 маңғыстаулық оқушы IQanat High School of Burabay мектебіне жолдама алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы білім басқармасының мәліметінше, тегін шақыру алған оқушылар қатарында Қызылтөбе лицейі оқушылары Нұрдәулет Сұлтанмұратов, Нұртас Айладир, Әйгерім Амангелді, Назарбек Маликов, №12 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Элиза Рахманова, Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Динара Алпысбай, №10 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Аяулым Тугелбай, Түпқараған ауданы «Сайын Шапағатов мектеп- гимназиясы» оқушысы Арыс Ақиқат, Бейнеу гимназиясы оқушысы Нұрсұлу Қадирова, Қарақия ауданы №7 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Наз Сарыбай, Маңғыстау ауданы «№7 мектеп-лицей» оқушысы Аружан Шанытбаева бар.
Сонымен қатар маңғыстаулық финалистер пәндер бойынша да жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Нұрдәудет Сұлтанмұратов физика пәнінен І орын алған. Әсем Тоқтарбай тарих пәні бойынша ІІ орынға ие болған. Ал Динара Алпысбай физика пәнінен ІІ орынды қанжығаға байлаған.
Ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды офлайн олимпиаданы «IQanat» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Олимпиадаға жалпы 166 ауданнан келген 37 мың бала қатысты.
Негізгі мақсат – ауыл балаларына сапалы білім беру. Соңғы 5 жылда 160 мыңнан астам ауыл мектебінің оқушылары сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Ал биыл республика бойынша 110 жеңімпаз «IQanat» мектебіне тегін оқуға шақыру алды. Қалған қатысушылар олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен қамтылмақ.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА