Ақтау қаласының әкімдігі 4А шағын аудандағы теңіз жағалауында орналасқан Үңгір маңында құрылыс жүргізіліп жатқан жер учаскесінің иесі «Hafeet Properties-Aktau» ЖШС екенін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба бойынша жеке инвестициялар есебінен 22 қабатты екі тұрғын үй салу жоспарланған көрінеді. Ал жобаның тапсырыс берушісі Sheikh Suroor Projects Department (SSPD) аталып отыр.
Аталған құрылыс Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Abu Dhabi Investment Authority» тәуелсіз қоры арасында 2018 жылы қол қойылған меморандум шеңберінде іске асырылып жатқаны белгілі болды. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, «оң» қорытынды алған. Sheikh Suroor Projects Department (SSPD) инвесторы ҚР нормалары мен ережелері бойынша құрылыс процесіне қойылатын барлық талаптарды орындаған.
«Бас жоспарға сәйкес бұл учаске тұрғын үйлердің құрылысына арналған аумақтарға жатады (Ақтау қаласының бас жоспары 2012 жылы бекітілген, 2020 жылы әзірленген егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын ескере отырып кешенді өзектендірілген). Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласында рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес (ҚР ҰЭМ 30.11.2015 жылғы №750 бұйрығы) құрылыс жөніндегі жобаларды іске асыру мынадай кезеңдермен жүзеге асырылады. Оның ішінде құрылыс жобасын әзірлеу үшін бастапқы материалдарды алу., эскизді әзірлеу және келісу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және сараптамадан өту., ГАСК органдарын құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабардар ету, нысанды қабылдау және пайдалануға беру», - деп жазылған Ақтау қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.
Құрылыс компаниясы нысанды салу кезеңінде Ақтау қаласы 4А шағын ауданы(жартас жолы жағынан) мекен-жайындағы «үңгірді» жабуды сұрады. Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі рұқсат беріп отыр.
«Өз тарапынан инвестор қоршау салу бойынша жұмыстар жүргізуде. Үңгірдің мониторингі бойынша күнделікті жұмыстар жүргізілуде, ол үшін геологияда көп жылдық тәжірибесі бар компания тартылды. Инвестордың айтуынша, құрылыс жұмыстары үңгірге зиянын тигізбейді. Сонымен қатар қаланың дамуына қолайлы мультипликативті әсер береді. Өйткені инвестор іргелес аумақты абаттандырады және қала тұрғындары үшін қол жетімді жаңа қоғамдық кеңістіктер жасайды, кәсіпкерлікті жүргізу үшін жаңа орындар пайда болады. Бұл салық түсімдерін арттырады және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді», - деді Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.