Бұрғылау жұмыстары басқармасында Қозғалтқыштар мен агрегаттарды жөндеу цехының ашылу салтанаты өтті.
«Макс-КМ» ЖШС мердігер компаниясы салған цех ауыр техниканы жөндеу жұмысын жеңілдетуді көздеп, 14 тонналық домкрат, 5 тонналық жылжымалы кран, сондай-ақ 3 шұңқырмен жабдықталды. Бұдан бөлек толықтай жылы еден төселген ғимаратта арнайы бөлмелер де қарастырылған.
Шараға қатысқан «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай құттықтау сөзді Өзен кен орны дамуына өлшеусіз үлес қосқан мұнайшы Орысбай Аташов, Нұртас Еламановтарға ұсынды.
– Ұжым игілігіне берілген нысанды күтіп ұстап, тазалығын қадағалау – бізге міндет. Біз ізімізді қуып келе жатқан жас мамандарға істің бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, барымызды үйретіп жүрміз. Заманауи ғимараттың бой көтеріп, мұнайшы еңбегі тиімділігінің артуы көңілге қуаныш сыйлайды. Еңбек ұжымы атынан компанияға көп рахмет, – деді Орысбай Аташов.
Салтанатты шарада қос майталман мұнайшыға бас директор жаңа нысанның символикалық кілтін табыстады.