© Instagram: Nurbol_sali
Маңғыстаулық фотограф Нұркен Салиев қоқыс ортасында той көйлегін киген жастарды суретке түсірген. Осылайша, ол қоқысқа толы қоғамда тойдың қалай өтетінін көрсетуге тырысқан, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Идея авторы - ағайынды Нұрбол Сали мен Нұркен Салиев. Айтуынша, адамдар пластикалық қаптаманы қысқартып, қайта өңдеуді ойламаса, 2050 жылы өміріміз қоқыс ортасында өтеді. Тіпті, той да.
- Қазіргі таңда экологиялық проблема тек бір ауыл, қала, елде емес, тұтас жер ғаламшарындағы өте өзекті мәселе. Жаһандық даму бәрімізге ПЭТ ыдыстар, полиэтилен пакетттер, т.б өмірімізді жеңілдететін заттарды қолдануға мүмкіндік берді. Алайда таяқтың екінші басы өзімізге тиіп жатыр. Сондықтан айналаны тазалап, өзімізден қалған қоқыстарды жинауымыз қажет. Экомәдениетті қалыптастыру үкіметтің ғана жұмысы емес, бәрімізге ортақ, - дейді фотограф Нұрбол Сали.
Айта кетейік, Нұркен Салиев мамандығы бойынша эколог, Қазақстандағы экология департаментінде жұмыс істеген, қазір экокәсіпкер ретінде қалдықтарды жинап, сұрыптайды. Ал Нұрбол Салиев - кәсіби фотограф.
Ағайындылар осы фотосессия көпті жаһандық қалдықтар мәселесі жайында ойландырады деп үміттенеді.