Ақтаудағы 16 ш/а тұрғындары абаттандыру жұмыстарын күткеніне 5 жылдан астам уақыт өткен. Жауапты мекемелерге қанша жүгінсе де, ешқандай нәтиже жоқ екеніне наразы тұрғындар өз шағымдарын облыс әкімдігінің телеграм-арнасына жолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- 16 ш/а адам жүретін, көлік жүретін жол қашан салынады? Осы жерде тұрып жатырғанымызға қанша уақыт өтті, әлі ешқандай жол жоқ,- дейді тұрғындар.
Қалалық әкімдіктегі мамандардың айтуынша, шағын аудан ішіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен ішкі автомобиль жолдарын, инженерлік желілерді салуға ЖСҚ дайын.
- 16 шағын ауданда инженерлік желілер, автомобиль және жаяу жүргіншілер жолдарын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қарауына жолданды. Сараптаманың оң қорытындысын алу ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарлануда. Осыдан кейін, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жіберілетін болады,- делінген «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» ММ мамандарының хабарламасында.