Ақтауда қыс айында теңізге түсетін морждар бар. Олардың қатарын қазақ апаларымыз да көбейтіп жатыр. Жастары алпысты алқымдаған ханымдар қыс маусымында шомылуды спорт түріне айналдырған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оларды қарапайым халық сыртынан «морждар» деп атайды. Теңізге түсу күнделікті тұрақты әдетке айналғандықтан олар таңғы сағат 5.30 да теңіз жағалауына келіп 6.30 ға дейін он мың жаяу қадам жасайды. Сонан соң 6.30 бен 07.00 аралығында теңізге түседі.
Сүйген Қаленованың жасы 57-де. Қыста теңізге түсуді әдетке айналдырғанына 8 жыл болған. Мамандығы медицина қызметкері, ауруханада жұмыс істейді. Вирустық, жұқпалы, жедел респираторлық аурулармен мүлдем ауырып көрмеген.
«Теңіз өте пайдалы. Мен теңізге түсуге өз денемді шынықтырып, дайындадым. Күні бойы энергияң толығып, жарқын, жайдары жүруіңе көмектеседі. Ауа райының қандай болғанына қарамастан үзбестен жыл он екі ай теңізге түсемін",- дейді ол.
Сүйген апайдың жанында өзімен пікірлес, суық күнде теңізге түсуді ұнататын достары бар. Олардың бірі – Күміс Жүсіпова.
«Маңғыстаумұнайгаз» мекемесінде дәрігер боп қызмет ететін Күміс апайдың жасы 61 -де. Жастарға - үлгі, немерелеріне - жас әрі әдемі әже, қатарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып жүретін Күміс Қыдырбайқызы теңізге түсу иммунитетті күшейтіп, қан айналымын жақсартады дейді.
Ақтау морждарының айтуынша мұздай суға шомылуға ағзаны біртіндеп үйрету керек. Суға бірден қойып кетпестен бұрын жаяу жүріп, денені қыздырып алу жөн дейді олар. Сондай-ақ, психологиялық тұрғыдан да дайындық керек. Морж апаларымыз суық суда неліктен тоңбайтындарымен бөлісті.
«Теңіздің суық суына түскенде қан тамырлар күрт тарылып, жүрекке қан айдалып, адреналин гармонының бөлінуі күшейеді. Осы сәтте ағзаның терморегуляциясы қарқынды жұмыс істеп, салқынды ішкі органдарға жібермейді. Сонан соң бірден қан тамырлары ашылып кеңейеді, де тері қызарып, суықты сездіртпейді»,- дейді Күміс Жүсіпова.
Қартайдым деп қамықпай, спортты серік етіп, тұрақты әрі үзбестен таң атпастан теңіз суына түсіп жүрген апаларымыз өмірге құштар қалыптан танбауға суық суға түсу көмектеседі дейді. Олар дәрі дәрмек қолданбайды, қан қысымдары қалыпты жағдайда, қымтанып қалың киінбейді, кардиотіркеуде де жоқ. Бойлары сергек, ойлары зерек , жүздері жарқын.