Тәуелсіз сарапшы, жергілікті эколог Әділбек Қозыбақов Қаракөл көліне қалдық төгуді тоқтату үшін «резерват» немесе «табиғи парк» мәртебесін беруді ұсынып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша Қаракөл көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ болғанымен, тек зоологиялық қаумал мәртебесі берілген. Яғни көл орналасқан жер қаумалға тиесілі емес. Сол себепті көлге қалдық суын шекті мөлшерде төгуге рұқсат берілген. Егер Қаракөлдің мәртебесі өзгертілсе кім көрінген қалдық төге алмайды дейді ол. Әрі күндіз-түні күзетілетінін айтып отыр.
«Соңғы жылдары туризм қарқынды дамып бастағалы, Қаракөл көлінің айналасында қонақ үйлер және демалыс базалары көбейіп жатыр. Көлге аққу, қоқиқаз секілді әдемі құстар келетіндіктен тұрғындар да жиі баратын болып жүр. Сарапшы ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар заңнамасына сәйкес, Қаракөлге «резерват» немесе «табиғи парк» мәртебесін берген тиімді болады деп есептеймін. Сонымен қатар қазіргі таңда Қаракөл көлін Рамсар тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Әділбек Қозыбақов.