
Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Алматыдан арнайы келген орнитологтар Қаракөлде қыстайтын құстарды үркіту олардың өмір сүруіне қауіп төндіретінін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сарапшылардың айтуынша қыс мезгілінен және көшіп-қонардан бұрын құстар өмір сүруге қажетті май қорын жинайды. Құс балапандары ағзасының қорғаныс қабілетінің әлсіздігінен олар оны жинауға үлгермейді. Бұл оларды суыққа төтеп бере алмайтындай әлсіретеді және кей жағдайларда олардың өліміне әкеледі. Былтыр аққулардың бір бөлігі кеш ұя салды. Ал қанатын қағып, ұшуға үлгермеген балапандар алғашқы суыққа төтеп бере алмады. Сондай-ақ, адамдардың Қаракөл көліне барып, құстарды қызықтауы да аққуларға кері әсерін тигізетінін атап өткен жөн.
- Адамдардың көлге бармағаны абзал дер едім. Өйткені құстардың тұрғындардан үркіп, ұшуы, оларды әлсіретіп, кері әсерін тигізеді. Құстардың күш-қуаты кеміп, көктемге дейінгі өмір сүру мүмкіндігі азаяды. Сондықтан Қаракөл аумағында серуендеуге, дрон ұшыруға тыйым салу қажет. Өйткені әуесқой түсірілімнің өзі құстарды үркітеді, - дейді орнитолог Виктория Ковшарь.
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманованың айтуынша, жұмыс комиссиясы Қаракөл көлінің аумағын табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерімен патрульдеу туралы шешім қабылдаған.
- Біз құстардың тыныштығын бұзбау үшін барша жағдайды жасауымыз керек. Бірінші кезектегі міндет - оларды мазаламау. Екінші маңызды шарт - үй құстарын қорғау, құс тұмауының таралуына тосқауыл болу керек. Қаракөл көлі қорғалатын аумақ. Онда белгілі бір ережелерді сақтау қажет, - деді Әсел Балманова.
Орнитологтардың айтуынша, басқа да құстардың өмір сүру жағдайы аққулардың өмір сүру жағдайымен ұқсас. Сондықтан адамдар Қаракөлдегі басқа құстарға да залал келтіруі мүмкін.
- Табиғат қорғаушыларының айтуынша, егер Қаракөл көлі тартылып, жоғалса бұл құстарға зиянын тигізеді. Бұл қате пікір дер едім. Өйткені құстардың қанаты бар, егер оларға қорек жеткіліксіз болған жағдайда басқа аймаққа ұшуға әзір. Бұл жағдайдан біздің ғана жапа шегеріміз анық. Өйткені тұрғындар аққуларды одан да басқа құстардың түрлерін, өз аумағында тамашалап, қызықтай алмай қалады, - деді Федор Карпов.
Сонымен қатар, сарапшылар Алматы маңындағы Сорбұлақ, Атырау маңындағы Арқалық және жартылай тазартылған кәріз ағындары мен өнеркәсіптік қалдықтар төгіліп жатқан Жаңаөзен қаласының маңындағы ұқсас көл сияқты төгінді көлдерді атап өтті.
- Мұндай көлдерде құстар санының артуы адамдар үшін таңқаларлық жағдай. Алайда өнеркәсіптік және коммуналдық шаруашылықтан қалған ақаба сулардың құрамында органикалық заттар бар. Мәселен жазда осындай көлшіктерде біз мыңнан астам қоқиқазды көрдік. Онда аққулар мен көптеген Қызыл кітапқа енген құстар мекендейді және көбейеді. Әдетте адамдар ағынды көлдерге жақындамайды. Нәтижесінде құстар өз бетімен көбейеді, - деді Виктория Ковшарь.