19 қаңтарда Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің қабырғасында «Ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу» және «Бағдарламалық қамту» оқу зертханасы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Yessenov University баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы «Ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу» атауы берілген зертхана «Қаражанбасмұнай» АҚ демеушілік көмегімен толықтай жабдықталып, динамикалық деректерді талдау КАППА бағдарламасы орнатылды.
Бұл бағдарлама оқытудың барлық деңгейлеріндегі кәсіби пәндерді оқытуда, сондай-ақ магистрлік және докторлық диссертацияларды орындау кезінде кеңінен қолданылады. Оқытушылық құрам да «Қаражанбасмұнай» АҚ өндірістік базасында бағдарламаны меңгеру бойынша біліктілігін арттырып, кәсіби шеберлігін де шыңдап келді.
«Өзім білім алған ордаға келіп, осы оқу зертханасының ашылуына куә болғаныма шын жүректен қуаныштымын. Жалғыз өңірлік ЖОО болып табылатын Есенов университетімен әлеуметтік, өндірістік қарым-қатынасты дамыта отырып, қолданбалы бірлескен қызметтер жүргізуге әрдайым дайынбыз», - деді «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Джомартұлы.
«Қаражанбасмұнай» АҚ Есенов университетімен ғылыми және өндірістік саладағы қарым-қатынасты дамытуға, қолданбалы зерттеулер жүргізуде бірлескен қызметтер атқарады. Сонымен қатар, 8 білім беру бағдарламасының 26 білім алушыларын еңбек ақы төленетін тәжірибеге бағытталған оқу үрдісімен қамтиды. Әлеуметтік осал топ болып табылатын 194 білім алушыларды да «Қаражанбасмұнай» АҚ назардан тыс қалдырмай, оқу төлемін қаржыландырды.
Сонымен қатар, Erasmus+ халықаралық білім беру бағдарламасының GEOCLIC жобасының Каспий теңізі шельфін игеру кезіндегі жағалау экожүйелерінің проблемаларын және гидродинамикалық бағдарламалық қамтамасыз етуге берілген «Бағдарламалық қамту» зертханасы да ашылды.
Жоба суды тұшыту, мұнай-газ өндіру және теңіз экологиясы саласындағы мамандарды даярлауда оқытуды жетілдіру, жаңғырту және интернационалдандыру, жаңа геокеңістіктік технологияларды, үлкен деректер мен қашықтықтан зондтауды пайдалана отырып, қоршаған орта және мұнай-газ аймақтары саласындағы жаңа бакалавр/магистратура/докторантура деңгейлерінде нарық талаптарына және озық тәжірибеге сәйкес инновациялық үш деңгейлі білім беру бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған.
Қажетті заманауи техникалық жабдықтармен қамтылған бұл оқу зертханалары Yessenov University білім алушыларының заманауи талапқа сай білім алып, ғылыми ізденістерін жүргізуге алдағы уақытта септігін тигізбек.