Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде адами құндылықтарға негізделген өзекті мәселелер сөз болды. Қоғамды толғандырған мәселелерді қалай шешу керектігі де аталды.
Кез келген ел өзінің болашағын, ертеңін өскелең ұрпағымен байланыстыратыны белгілі. Бүгінде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стартегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы болғандықтан жастарға көп көңіл бөлу күн тәртібінен түспейді. Ешкімге жалтақтамайтын, ешкімге алақан жаймайтын егемен елге айналуымыздың басты кепілі де – бүгінгі жастар. Ата-бабалардың аңсаған тәуелсіз еліміздің ертеңі бүгінгі жігерлі жастар туралы айтылған «Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс», – деген мемлекет басшысының сөзі жастармен жұмыс істейтін барлық ұйымдардың қаперінде болуы тиіс деп ойлаймын. Біздің Ш. Есенов атындағы КТИУ-де жастардың өзін өзі басқаруы жүйелі жолға қойылған. Дарынды, бәсекеге қабілетті жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар көп.
Ертеңгі ел басқаратын азаматтар осы жастардың ішінде жүргенін ескерсек, оларға үміт те, сенім де артамыз. Мәселен, «Есептеуші техника және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 3-курс студенттері Қосай Базарбаев, Ерғазы Максодов, Бекзат Темірханов сияқты жастар өз оқу топтарында көшбасшылығымен көзге түскендігімен қоса университеттің дамуына өз үлестерін қосуда. Жаңа технологияны меңгеру барысында да өз жетістіктерін көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысы мұраты биік мұғалімнің қадір-қасиетін арттыруда өзекті мәселенің көп екендігін тағы да тілге тиек етті. «Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек». Ұстаз мәртебесі туралы бүгінде қызу талқыланып, түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Ұстаз деген қасиетті сөздің қадірін білуіміз керек. Мұғалім мәртебесінің артуы тек министрлік мойнында емес екендігін де біле бермейміз. Бар кінәні оқу-ағарту министрлігіне жабатынымыз да өтірік емес. Ұстаз мәртебесінің биіктеуіне облыс, ауданның білім басқарламалары, басқа да көптеген орталық және атқарушы органдар, бүкіл қоғам, отбасы жауапты екендігін мойындауымыз керек. Елімізде өтетін сайлауда да, концерт залдарын толтыруға да, санақ жұмыстарын жүргізуге де мұғалімдерді жегетіндігі – ащы шындық. Сондықтан абырой әпермейтін, өзінің алтын уақытын мағынасыз нәрсеге жұмсайтын жұмыстардан мұғалімдерді босату керек. Мемлекет басшысының сөзінде ұстаздарға қойылатын талаптың жоғары болуы керектігі баса айтылды.
«Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет», - деген мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сөзі облыстық білім басқармаларына ой қосарына сенімдімін. Мәселен, шалғай ауылдардағы мектептерде пән мұғалімдері жетіспейді. Өзі аз мұғалімді біліктілігін арттыру курстарына жіберу үшін мектепте балаларды оқытатын мұғалімдер қалмайды. Осындай түйткілді мәселелерді ойласа шешу қажеттілігі туындайды. Мұғалім болашақ білікті мамандардың, келешек елге қызмет ететін ел тұтқаларының, мемлекетіміздің кез келген азаматының өмір жолына жолдама беретін тұлға екендігін ескерсек, мұғалім даярлауға аса мән беруіміз керек. Қазіргі ақылы оқу арқылы кез келген жас педагог мамандығын ала алады. Олардың көпшілігі өз мамандығын қалап келді деп те айту қиын. Әрине, көпке топырақ шаша алмаймын. Педагогикалық оқу орындарына кейбір жастар ата-аналарының ықпалымен келсе, енді бірі педагог мамандығын ең арзан оқу түрі ретінде таңдағандығын жасырмайды. Мемлекет басшысы атап кеткен педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігінің Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмауының бір себебін осыдан да іздеуге болады. Педагогикалық оқу орындарына ата-анасының қалауымен келген жастардан сауатсыз маман дайындалады деген пікір тумауы керек. Өзі қаламаса да педагог мамандығын терең игеріп кеткен жастар да бар. Ал жалпы алғанда жастардың 95%-ы өз қалауымен педагог мамандығын алуға ұмтылады.
Ұлағатты ұстаздарды ұлықтауда Үкімет тарапынан жасалатын игі шаралар әрі қарай да жалғасын табады деп сенеміз. Ұстаз мәртебесі ұлтымыздың бедері екендігін ескерсек, ұстаздарды құрметтеуді әр азамат өзінен бастауы керек деп ойлаймын. Ел ертеңі жастар болса, сол жастарды тәрбиелейтін ұстаз мәртебесін төмендетпесек екен!
Нағбду ҚАМАРОВА,
Yessenov University профессоры.