Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин депутаттық сауал жолдап, Маңғыстаудағы жұмыссыздар мәселесін көтерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Төменгі Палатаның депутаты қазір туындаған еңбек дауына қатысты мәселені айта келе, тиісті шешімдер қабылдаудың жолын ұсынды.
“Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ өздерінің ережелеріне шұғыл түрде енгізу керек деп есептеймін. Бірінші, бағаға шектеу қою. Мысалы, тендер кезінде он пайыз төмен түсірмеу керек. Екінші, сервистік компаниялар мен көпжылдық келісімшартқа отыру сұрағы шешілсін. Яғни, компаниялар жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Үшінші, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтерді қаржы көлемінде еңбекақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойына түспеу керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепіл болады. Және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайларды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші тараптан бақылап отыруға мүмкіндік туады”, - деді депутат.
Сонымен бірге Еділ Терекбайұлы дау тудырған мәселелерді болдырмас үшін тендердегі кілтипандарға жауапкершілікпен қарауды атады.
“Кешегі дау туғызған тендерлік процедураларды жан жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса, тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларына жауапкершілік қаралсын. Сөз соңында айтпағымыз конституцияға сәйкес еліміздің байлығы халыққа тиесілі. Яғни, қазба байлық тұрғындардың әл қуатын арттыруға қызмет етуі керек. Сондықтан “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ және оның еншілес компаниялары жаңаша, ашық, әділ жұмыс істеп, халықтың тұрмыс тіршілігін жақсартуға нақты қадамдар жасасын”, - деді ол.