Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин МАЭК-тегі біраз қазандықты күрделі жөндеу үшін жобамен 300-350 млрд теңгедей қаржы керек екенін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Еділ Жаңбыршиннің сөзінше МАЭК тоқтағаннан мемлекет қанша миллиондаған доллар шығынға ұшыраған. «Соның бір бөлігін МАЭК-ке жұмсаса, біраз мәселені шешуге болады» деп жазды мәжіліс депутаты.
«ЖЭО-1 - Ақтау қаласына жылу, электр энергиясын береді, ЖЭО-2 - өндіріске электр және жылу энергиясын береді және дистиллят дайындауға бағытталған. ЖЭС-3 - тек электр энергиясын береді. ЖЭО-1 қысқы жылыту кезеңіне қосуға дайындап жатыр. №5 қазандық толығымен жөнделген. №3 турбинаны жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең басты проблема 1966 жылы салынған БКЗ-160-100 ГМ №7 қазандығын алдағы уақытта күрделі жөндеуден өткізу қажет. Әзірше ол резервте тұр.
ЖЭО-2 №1 қазандығының (аяқтау мерзімі 25 қазан) және №2 (аяқтау мерзімі 20.01.2024 ж.) және №10 (аяқтау мерзімі 30 қыркүйек) турбиналарының жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
ЖЭС-3 апаттық жағдаймен толық тоқтап тұр. Бұл станция толық жұмыс жасаса Маңғыстау энерготорабына 450 МВт электр энергиясы бере алады.
№1 блок қазандығының трубасы тесілген (свищ). Жөнделіп, іске қосу жұмыстары жүріп жатырған. Станциядан жаңа хабар келді, қазандық пен турбинаны іске қосып, параметрлерін реттеп жатыр, әзірше жүйеге 20 МВт беріп бастаған.
№2 турбина генераторының роторы Алматы қаласына жөндеуге жіберілген, жыл аяғында іске қоса алса жақсы.
№3 турбинаның генераторында ақау болып, МАЭК өз күшімен жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Оптимистік сценарий бойынша осы сенбіде іске қосуды жоспарлап отыр»,-деп жазды Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген мәжілісмен.
Депутаттың дерегінше жөндеу жұмыстарына МАЭК өз қаржысынан 6,8 млрд теңге бөлген. Ал облыстық әкімдік резервінен 2,6 млрд теңге, Үкімет резервінен 4,9 млрд теңге бөлінді.