Бірнеше жыл бұрын Ақтаудағы үйлерге 497 жылу есептегіш құрал (ЖСҚ) орнатылған еді. Үйлерінде мұндай есептегіш орнатылған тұрғындар өзгелерге қарағанда жылу үшін азырақ төлем жасап келді. Есептегіштер өтемді негізде орнатылып, ай сайын түбіртектерде құрал үшін жеке төлем көрсетілді. Дегенмен уақыт өте келе кей есептегіштер жұмыс істемейтіні белгілі болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қоғамдық тыңдауда тұрғындар жылу есептегіштеріне қатысты сауалдарын жолдады.
«Есептегіштер орнатылды, тұрғындар төледі, бірақ жылдар бойы бірде-бір рет тексеріс жасалмады. Қазір көп есептегіш жұмыс істемейді. Сонда кімнің қанша жылу тұтынғанын қалай біледі? Есептегіштерді тексеру үшін олардың барлығын алып тастап, Оралға апару керек, ал бұл – үлкен шығын. Дегенмен тексеріс жасалса біз кімнің қанша тұтынып, жазбалардың жүргізілу ретін біліп отырамыз, ал қазір төлемге келген түбіртектің дұрыстығы бәріне беймәлім. Жылу есептегіштері қашан ретке келтіріледі? Неліктен қалған шағынаудандар әлі күнге дейін қамтамасыз етілмеген?», - деп сұрады қоғамдық тыңдауда әлеуметтік қызметкер Лариса Перминова.
Тыңдауда тағы бір қоғам белсендісі бес жылдың ішінде есептегіштердің екі жылыту маусымында ғана жұмыс істегенін, кейін жылу есептегіштерге емес, нормаға сәйкес есептеле бастағанын айтты.
«Біздің үй бұл есептегіш үшін бір жарым миллион теңге төледі. Неліктен олар жұмыс істемейді?»,- деп сұрады тұрғын.
МАЭК өкілдері шынымен де есептегіштердің кейбірі жұмыс істемейтінін мойындады.
«Қалада 1500-ден астам жылу есептегіш құралы болса, оның 497-сі 2016-2018 жылдары «Kazcenter» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық орталығы арқылы орнатылған. Иә, дұрыс айтасыз, олардың кейбіреулері шынымен жұмыс істемейді. Бұрын тексерілген 158 метрдің барлық құжаттарын мердігерлер тапсырған. Қалған есептегіштер өңделеді. Мердігерлерді сотқа бердік, «ҚазЦентр» ТКШ-на арыз бердік. Мердігерлердің бәрін қалпына келтіретін сот шешімі бар. Қазір бұл жұмыстар жүріп жатыр», – дейді «МАЭК» ЖШС өкілі.
Алайда тұрғындар бұл жауапқа қанағаттанбады.
«Есептегіштері жұмыс істемейді деп танылған үйлерде тұрғындар ЖЕҚ бар болса да, сіздердегі орта есеп бойынша төлем жасайды. Негізі төлемге шамамен 2500 теңгенің орнына сіздер 3000 теңгеден жоғары түбіртек бересіздер. Бұл айырмашылықты кім өтейді?», - деп сұрады қала тұрғындарының бірі.
МАЭК өкілдері ЖЕҚ жұмыс істемейтін үйлердегі барлық тұтынушылардың үйінде жұмыс істейтін жылу есептегіші бар сияқты сараланған тариф бойынша төлем алынатынын атап өтті.
«Біз бұл айырмашылықты өзімізге алдық. Мамыр айында бізге Kaztelematica қызметкерлері келді, біз осы мәселелерді талқыладық. Сот шешімі енді ғана шықты. Олар барлық деректерді КЖСА-ға береді. Қалған сертификаттардың барлығын 2022 жылға апарып береді деген сұрақ туындады. Енді оларды қалай беру керек деген сұрақ туындайды. Содан кейін комиссиялық негізде үйлерді аралаймыз, есептегіштерді тексереміз. Қолдарында сертификаттар мен есептегіштер жұмыс істеп тұрса – бір жөн, сертификат бар, бірақ жұмыс істемейтін жағдайлар да кездеседі. Бірақ олардың жай-күйін тек жылыту кезеңінде ғана тексеруге болады», - деп атап өтті МАЭК.