Маңғыстаулық дизайнер Айжан Рахымбайқызы жыл сайын Америка Құрама Штаттарында өтетін әр ұлттың мәдени салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, қолөнерін дәріптейтін «Smithsonian folklife» фольклорлық фестивалінде жүннен тігілген Маңғыстаудың жадағайы мен ішігін әлемге танытып қайтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық мәдениет басқармасына сілтеме жасап.
Фестиваль 1967 жылдан бері үздіксіз Вашингтон қаласында ұйымдастырылып келеді. Мұнда әр жылы АҚШ-тың 50 штатынан және 100-ден астам елдің дизайнерлері жиналады.
Маңғыстаулық Айжан Рахымбайқызы Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Беккулованың ұсынуымен фестиваль ұйымдастырушысы Халле Бутвиннің шақыртуын алған. Ол фестивальге «Маңғыстау мұнары» коллекциясын апарған.
«Көкейімде жүрген арманым - маңғыстаулықтардың ежелгі сырт киімі - түйе жүннен сырылған жадағайды заманға сай жаңғыртып, осы ұлттық киімді шетелге таныту болатын. Өз туындыларымды әлемнің алпауыт елінің бірі АҚШ-та өткен фестивальде көрсету – арманыма бір табан жақындатты.» - дейді Айжан Рахымбайқызы.
Фестиваль 11 шілдеде Ұлттық Азиялық өнер мұражайының Meyer Auditorium залында өткен Қолөнершілер одағының сәндік дизайнының көрсетілімімен аяқталған.
«Бұл коллекцияны шығаруыма Маңғыстау табиғаты шабыт берді. Осы коллекцияны «Маңғыстау мұнары» деп атауымыздың себебі түбек табиғаты мен киім үлгілерінің ерекшелігін ұштастыра отырып халыққа ұлт мұрасы болған сырт киімдерімізді насихаттау. Бұл коллекция ежелгі Маңғыстау өңірінің халқы киген ұлттық сырт киімдеріне арналады. Жадағай - қазақтың ежелден келе жатқан сырт киімі. Әжелеріміздің киген жадағайдың күміс түймелерін үлгіге ала отырып зергерге тапсырыспен арнайы күміс түймелерін жаңғыртып шығардық. Қазақы киімнің әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол - біздің ұлттық мәдениетіміз. Ал ұлт мәдениетін жоғары деңгейде көрсету жауапты іс» - дейді ол.
Айта кетейік көрсетілімге Жазушы Мұхтар Мағауин, Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы елшісі Ержан Ашықбаев, «Chevron» компаниясының өкілдері, Смитсон Американдық өнер мұражайы өкілдері, БАҚ өкілдері мен көптеген қонақтар қатысқан.