Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі біріктірілген науқанның ерекшеліктерін, сондай-ақ жекелеген сайлау округтеріндегі жоғары бәсекелестікті ескере отырып, ОСК осы науқанға сайлау бюллетеньдерінің әртүрлі түрлерін бекітті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау үшін көк түсті, А5 форматындағы сайлау бюллетеньдері ұсынылады. Бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған жасыл бюллетеньдер. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауы бойынша дауыс беруге арналған күлгін бюллетеньдер. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттары депутаттарын, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар мәслихаттары депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге қызғылт сары және сұр түсті бюллетеньдер ұсынылады.
– Бүгінгі күні Орталық сайлау комиссиясы бекіткен форма бойынша сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы келісім бар. Сайлау бюллетеньдері учаскелік сайлау комиссияларына сайлауға 3 күн қалғанда және сайлауға 1 күннен кешіктірмей 1 % резервпен жеткізіледі, – деді Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Елубай Әбілов.