1 қыркүйекте елімізде мыңдаған бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Жаңа оқу жылында әр балаға керек-жарақ, киім-кешек, оқу-құралдарының қажет болары анық. Кәсіпкерлер де дәл қазір сауда сөрелерін сабаққа қажетті киім-кешек, тауарларға толтыра бастаған. Мangystaumedia.kz тілшісі сауда нүктелері мен базарларды аралап, 1-сыныпқа баратын балаға қанша қаражат керектігін есептеп шығарды.
Отбасында бірнеше бала болатын болғандықтан, алатын құрал жабдықтарды бірден сатып алуға көп жағдайда ата-аналардың қаражаты жетпей жатады. Ең бастысы дегендерін атап көрейік. Олар – 2 дана көп қаламсап, жәй қарындаш, түрлі-түсті қарындаш, ұштағыш, өшіргіш, сызғыш, пенал, 20 дәптер, дәптер және кітап мұқабалары, сурет дәптері, акварель, түрлі түсті картон мен қағаз, желім, ермексаз, қайшы. Ал, киім-кешектен мектеп формасы, аяқ киім, спорттық киім мен аяқ киім, сөмке.
Біз Ақтау қаласындағы базарлар мен ірі сауда орталықтарының бағамдарын бағамдадық. Өткен жылмен салыстырғанда биыл бағаның қымбаттағаны бірден байқалады. Мәселен, былтыр 4-6 мың теңге аралығында болған ақ көйлектің бағасы биыл 5мың-11мың теңгенің арасы.
Ұлының кішісі биыл 1-сыныптың табалдырығын аттайтын Жанар Бейсембаеваның айтуынша, ол керек жараққа 87 мың теңге жұмсаған. Керек-жарақтар мұнымен бітпесі анық.
-Мен киімдерді Waikiki сауда желісінен, ал мектепке қажетті заттарды 22 шағын аудандағы базардан сатып алдым. 1 сыныпқа баратын ұлымның мектеп формасына, яғни ақ көйлегі, майкасы, шалбары, туфлиі, сыртынан киетін жейдесі бар соның барлығына 45 мың теңге жұмсадық. Спорттық формасын 10 мың, кроссовкиін 12 мың теңгеге алдым. Ал, сөмкесіне 14 мың теңге жұмсадым. Сөмке ішіндегі мектеп құралдарына – 6 мың теңге кетті, - дейді Жанар.
Тағы бір кейіпкеріміз Айгүлдің айтуынша, ол баласына ортопедиялық жабыны бар аяқ киім, келер жылы өзге баласы киюі үшін сапалы киімдер алуы керек.
-Ортопедиялық аяқ киім мен материалы төзімді, ауыр кітаптарды салғанда жыртылмайтын сөмке іздедім. Базарда 8-9 мың, бутиктерде 10-12 мың екен. Бренд бутиктерде тіпті 30 мыңға дейін деп тұр. Мектеп құралдарына – 7 мың, киіміне – 100 мың теңгедей жұмсадым, - дейді ол.
Сонымен, кеңсе тауарларына орта есеппен 7-10 мың теңге жұмсайды екенсіз. Қысқасы, 1 сынып оқушысына шамамен кем дегенде 60-100 мың теңге аралығында қаражат жұмсалатыны белгілі болды. Бұл, брендтік магазиндердің бағасын емес, қол жетімді орта бағамен есептегенде.