Су тасқынынан эвакуацияланған Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғындары Бейнеу ауданына уақытша тұрақтап жатыр. Оларға жергілікті еріктілер қол ұшын созып, қоныстандырып, тәулік бойы көмек беруде, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, Құлсары тұрғындары Бейнеудегі 11 мектеп ғимаратына орналасты.
Еріктілер көрпе-төсектер мен қажетті құрал-жабдықтарды уақытылы жеткізіп, қолдау көрсетуде. Аудан орталықтарында ашылған арнайы қоймада су, ұзақ мерзімге шыдайтын азық-түлік тауарлары, тұрмысқа қажетті керек-жарақтар сақталған. Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Саламат Ғайыпбаевтың айтуынша, Боранқұл елді-мекеніне де 1 жүк көлігімен қажетті заттар жіберген.
"Көмекке басқа аудандардан да атсалысып жатыр. Құлсары тұрғындары 10-15 күнге дейін осында тұрақтайды. Қиын кезеңде қамкөңіл халықты қолдауға дайынбыз. Ауданымыздың әрбір азаматы қазақтың басына күн туғанда бір үйдің баласындай жүгіріп жатыр. Барлығына ризамыз", - деді Саламат Гайыпбаев.
Сондай-ақ, аудан жастарының күш-жігерімен Құлсары қаласына 10 мыңнан астам қапшық, күрек, азық-түліктер жөнелтілген. Ауыл жастары жолды жаяу еңсерген халықты көлікпен тегін жеткізіп, қайырымды іске атсалысуда. Жылыой ауданында эвакуацияландыру жұмыстары басталғандықтан Құлсарыға көмекке кеткен еріктілер Бейнеуге қайта оралды.
Табиғи апат аумағынан эвакуацияланған Құлсары қаласының тұрғыны Мейрамгүл Мұрынова Бейнеуге бүгін түсте жеткен. 2 келіні, 2 қызы, немерелерімен осында тұрақтап, қажетті көмек алып жатыр.
"Барлық көмек көрсетіліп жатыр. Осындай ауыр кезде қол ұшын созған барша азаматтарымызға рахметімді айтамын! Мұқтаждықты білдірмей, қажетімізді тауып беріп жатыр. Шаршаса да бізбен бірге болған халыққа алғысым шексіз", - деді Мейрамгүл Мұрынова.
Қазіргі уақытта Атырау облысының Жылыой ауданынан Маңғыстауға 14 мыңнан астам тұрғын көшірілді. Олардың дені Бейнеу ауданына уақытша орналастырылды. Сондай-ақ, Ақтау қаласындағы жатақханаға Құлсарыдан жеткізілген тұрғындар орналасты.
Сондай-ақ, теңіз жаяу әскері бригадасының 60 әскери қызметшісі Құлсары қаласына гуманитарлық көмек жіберуге жұмылдырылып отыр. Олардың көмегімен 3000-нан астам жастық, көрпе, төсек жаймасы мен матрас бар 5 контейнер жіберілгені айтылды.