Бейнеу ауданында жастар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың бос уақытын тиімді өткізу және де ұлттық ат спортын дамыту мақсатында «Көкмойнақтың дүбірі» атты алғашқы тай жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жоба ауданның белсенді жастарының ұсынысымен, Бейнеу ауданы әкімдігінің қолдауымен, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Айбек Рахымбайұлы және Бейнеу аудандық мәслихатының төрағасы Ардақ Рәббімұлының бастамасымен ұйымдастырылды.
Есенғали орманында өткен ат жарысына аудан бойынша 13 тай қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша:
1-орын – Боранқұл ауылынан келген Қонарбаев Саламаттың «Шеге» атты тайы (шабандозы Миям, бапкері Арсен) Бораш Ардақтың демеушлігімен 300 000 теңге;
2- орын – Боранқұл ауылынан келген Қарабалин Жайсаңның «Ақбақай» атты тайы (шабандозы Ермұхан, бапкері Мағжан) Сембіғалиев Жарылғаптың демеушілігімен 100 000 теңге;
3-орын – Бейнеу ауылынан Бітімбаев Сартайдың «Желкүрең» атты тайы (шабандозы Нұржан, бапкері Алуадин) Оралов Қайраттың демеушілігімен 70 000 теңге;
«Көрермендер көзайымы» марапаты — Бейнеу ауылынан Дәулетов Ораздың «Бәйтерек» атты тайы (шабандозы Мейрамбек, бапкері Ораз) Жаманбаев Айбектің демеушілігімен 20 000 теңге көлемінде сыйлық алды.
— Қазақ әу-баста жуас баласын атқа мінгізіп, тентек баласына қой бақтырып тәрбиелеп отырған. Себебі атқа мінген бала мінезі қатайып, ширап, өжет болып өседі. Ат тізгінін игерген бала болашақта ел тізгінін ұстайды деп үміттенген. Сондықтан балаларымызды қазіргі заманның рухани індеті смартфон мен интернет ойындарынан арылтып, ата-бабамыздың асыл мұрасы, ұлттық ат спортына баулып, садақ атып үйрету арқылы ұлттық кодымызды қайта жаңғырту көзделіп отыр. Болашақта тайымыз аламанға шабар сәйгүлік болатыны сөзсіз. Жалпы осы жобаның аясында жастардың атпен серуендеуі, садақ тартып үйренуі, шағын этноауыл жасақтау сияқты ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу жұмыстары жүретін болады, - деді облыстық мәслихат депутаты Айбек Рахымбайұлы.
Шараға мемлекеттік қызмет саласының ардагері Әбілшеев Қойшығұл Бекқалиұлы, ҚР Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, меценат, спортшы Борашов Рәббім Байбозұлы, жастар және ұлттық спорт жанашыры Әбілов Бейнеубек Көңілімқосұлы, жергілікті ақын Қадыр Сәрсен қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар шара соңында «Аударыспақ» және «Садақ ату» сайыстары ұйымдастырылды.
Алдағы уақытта бұл сайысты ай сайын өткізу жоспарланып отыр.