Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының Қарағанды қаласында орналасқан 6505 әскери бөлімінің базасында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері арасында стандартты қарудан оқ атудан турнир өтті. Бұл іс-шара қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлерді еске алуға арналған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс», «Орталық» өңірлік қолбасшылықтарының курсанттары, сондай-ақ Петропавл қаласында орналасқан Әскери академия курсанттары мен елорданың бірнеше әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Турнир барысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жеңіске деген жігер танытып, турнир қорытындысы бойынша Батыс өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы бірінші орынға ие болды. Ал екінші орын «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілеріне бұйырса, үшінші орынды Петропавлдан келген Әскери академия курсанттары иеленді.
Турнирде стандартты қарудан оқ атудан жеке біріншілікте Батыс өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Макаров тапаншасымен №3 жаттығуды орындау барысында оралдық майор Роман Әбдірахманов қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынды иеленді. Ақтаулық ефрейтор Омар Асқарұлы атыс қаруынан №4 жаттығуды орындауда үздік шықты.
Сонымен қатар, АК-74 оқ ату жарысында «Батыс» командасы командалық есепте бірінші орынды иеленді, оның ішінде Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, қатардағы Ерсұлтан Әуез бар.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.