Маңғыстауда алғаш рет қазақстандық суретшілер басқосып, Қаспий теңізі жағалауында плэнер өткізіп жатыр. Негізгі мақсат – Каспий теңізінің экологиялық ахуалы мен оның сұлулығын сурет өнері арқылы көпке жеткізу. Сонымен қатар тәжірибелі суретшілер мен жас буынның байланысын нығайту, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ашық аспан астында өткен шараға Астана, Алматы, Тараз қаласынан келген 10 суретші және 50-ден аса жергілікті жас суретші қатысып жатыр. Сонымен қатар суретші, иллюстратор, дизайнер, Әбілхан Қастеевтің немересі Сауран Қастеев арнайы келді.
Сауран Қастеевтың айтуынша, Қазақстандағы суретшілерді шақырып, осы жобаны ұйымдастыру бір жыл бұрын жоспарланған. Соның негізінде Каспий теңізінің табиғатын бейнелеу арқылы қылқалам шеберлерінің қарым-қабілетін айқындау. Егер жоба дәстүрлі сипат алса, шетелдік суретшілердің қатысуына жол ашылады.
Сонымен қатар плэнерді ұйымдастыруға «Tree of Life» компаниясы да атсалып жатыр.
«Туризм саласында қызмет ететіндіктен өңірдің экологиялық мәселелеріне бейжай қарай алмаймыз. Сондықтан былтыр қылқалам шебері Сауран Қастеевпен бірге аталған шараны жоспарладық. Жобаға қаржылай демеушілік танытуда жауапкершілікті «Tree of Life » компаниясы өз мойнына алды. Біз Каспий табиғатын сақтауға бағытталған осындай экологиялық бастамаларды іске асыруға үлес қосуда белсенділік танытамыз», - деді «Tree of Life» компаниясының негізін салушы Камила Сырбаева.
Ал Маңғыстау облысы туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев аймақтағы туристік орындарды келешек ұрпаққа қаз қалпында жеткізуді қалайды. Сондықтан қылқалам шеберлерінің туындысы халыққа табиғаттың тамаша көрінісін көруге, оны сезінуге мүмкіндік беретінін және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізетінін атап өтті.
«Өңірге келетін турист саны жылдан жылға артып жатыр. Халықтың теңіз жағалауында немесе көрнекті орындарда демалуы да жиілеген. Әрине, бұл қуантады, десе де экологиялық мәдениет әлі де көңіл көншітпейді. Сондықтан да Каспий теңізінің проблемаларын суретшілер көзімен көруді жөн көрдік. Бұдан бөлек жергілікті жас суретшілердің шеберлігін шыңдау, шеберлік сабақтарын өткізу. Жоба аясында суретшілер тек Каспий теңізі жағалауында ғана сурет салмайды, Бозжыра, Торыш, Шерқала, Айрақты сынды жерлерге барады», - дейді Мәулен Ғабдулқалиев.
Қатысушылар үш санатқа бөлініп, шығармашылық жұмыспен айналысуда. Бастапқы санатта енді бастаушы суретшілер бар. Олар акварель арқылы сурет салса, екінші санаттағы суретшілер майлы бояу арқылы жұмыс істеп жатыр. Ал үшінші санаттағылар тәжірибелі суретшілер, олар өз білімімен бөлісіп, суретшілерге техникалар мен жаңашылдықтарын жеткізуде.
Плэнерге Астанадан келген суретшінің бірі – Динара Нугер. Оның айтуынша, бұған дейін ұйымдастырылған плэнер ішінен Каспий теңізі жағалауында өткізіліп жатқан плэнер ерекше әсер қалдырған. Теңіздің түсі, салқын желі, толқыны суретшінің шабыты мен шығармашылығына арқау болады.
«Маңғыстау облысы – Қазақстан, тіпті әлем бойынша табиғаты айрықша аймақ. Каспий теңізі – күш-қуаттың мекені. Өзіне тән атмосферасы бар, энергияға толтырады. Қазір Каспий теңізі тартылып, мұнай қалдықтарымен ластанып жатыр. Бұған барлық адамзат назар аударуы тиіс, қолдағы мүмкіндіктер арқылы әртүрлі шаралармен халықты құлақтандыруымыз керек. Тек ғылыми тұрғыда немесе кәсіпкерлер арқылы емес, суретшілер де атсалысуы маңызды. Себебі жас ұрпақ шығармашылық жұмыстың мазмұнын түсінуге, сол арқылы суретшінің негізгі идеясын тануға, мәселеге сыни көзқараспен қарауға тырысады. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», - дейді астаналық суретші Динара Нугер.
Айта кетейік, плэнер бір аптаға жоспарланған. Оның үш күні «Tree of Life» базасында өтсе, қалған күндері суретшілер қала сыртына шығады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Фото автордан