Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары азаймай тұр. Әсіресе мұндай азапты жайттардың зардабын жас балалар көріп отыр. Былтыр Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында балаларын өлімге қиып, артынша өзіне қол жұмсаған әкенің іс-әрекеті қоғамды дүрліктірді. Ал жуырда Ақтау қаласында 37 жастағы ер азамат үш баласын азаптап өлтірді. Қоғам өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа түбегейлі тосқауыл қою керек екенін айтып дабыл қағуда. Осы ретте Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы қазақ халқының таным-түсінігі мен дәстүрлі ислам дінінде отбасы құндылығына ерекше назар аударылғанын айта келе, оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Қазалы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қаза болған балалардың туған-туыстарына, әулетіне көңіл айтамыз. Бұл шариғатымызда үлкен күнәлардың біріне жатады. Қасиетті Құран Кәрімде: "Бір адамды жазықсыз өлтіру бүкіл адамзатты өлтіргендей күнә арқалайды" делінген. Бір адамның өмірін сақтап қалу бүкіл адамзаттың өмірін сақтап қалумен бір деп бағаланады. Қазақ халқы бақытын баладан күтеді. "Баламның аяғына кірген тікен маңдайыма кірсін" деген ел едік. Ислам дінінде отбасы мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Дінімізде әрбір адамның неке қиып, отбасылы болғаны құпталады. Отбасы – бұл адам өмірінің маңызды бөлігі, отбасылық өмір барысында мұсылман ер немесе әйел көптеген қиыншылықтар тап болуы мүмкін, сонымен қатар отбасын тіршілікке қажетті барлық нәрселермен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап, жұбайына, бала-шағасына, мүлкіне қатысты үлкен жауапкершілік пайда болады.
Бала – Алланың адамға берген үлкен нығметтерінің бірі. Жаратушы Алла әр баланы ата-анасына аманат етіп берген. Ал аманатқа қиянат жасау жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Сендердің ең жақсыларың отбасыларыңа жақсы қарағандарың" деген. Сондықтан ислам дінінде отбасы құндылығы ең жоғары дәрежеге қойылған. Пайғамбарымыз керемет әке болды, отағасы болды, балаларын көз қуанышым деп, екі немересін көңілімнің райханы деп қатты еркелетіп, ерекше мәпеледі. Тіпті намаз кезінде арқасына мінген немерелері ойнап біткенше жайнамаздан бас көтермеген екен. Міне, пайғамбарымыз осындай балажан еді. Сол үшін дінімізде балаларға көңіл бөлу, қуанту да садақаға жатады.
Ал мына жағдайды қабылдай алар емеспін, әлі күнге жаным ауырады. Исламға, мұсылманшылыққа мүлде келмейді, - деді Әнуар қажы Ізімбайұлы.
Бас имам осы тұста әлеуметтік желілерде таралып жатқан түрлі қауесеттерге байланысты түсініктеме берді.
- Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Бұдан бөлек, көмекке мұқтаж жандарға да дін қызметкерлері барынша қол ұшын созып келеді. Дегенмен, имамдар мен ұстаздар мешітке келетін әр адамның ішкі жан-дүниесі үшін жауап бере алмайды. Сол себепті, бұл оқиғаны мешітпен байланыстыруды тоқтатқанымыз абзал. Бұл азаматты өз басым мешіттен көрмедім. Дегенмен бұл ақталу емес. Сырт бейнесінде мұсылманшылықтың белгісі бар, бірақ "Мұсылманшылық кімде жоқ? Тілде бар да, ділде жоқ. Тіл мұсылман не пайда, дін мұсылман болмаса" дегендей, бұл әрекетті мұсылманшылыққа жат деп білемін. Алла сақтасын. Аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде. Құзырлы органдардан құрылған топ болған жайтты жан-жақты тексеріп жатыр. Мұндай азаматтар тиісті жазасын алу керек. Осы ретте әлеуметтік желі қолданушыларынан жалған ақпарат таратпауды да сұраймыз, - деді Маңғыстау облысының бас имамы.
Жайық НАҒЫМАШ