Таушық ауылында орналасқан № 234 учаскеге келушілердің бірі Халықаралық спорт шебері, ІІ дүркін әлем чемпионы Азамат Абаев өз таңдауын жасады. « Қазақстан асқаралы асуларға қол созған ел. Уақыт талабын танып, тың ізденістерден тартынбаған мемлекетіміз жаңа Қазақстанның жаңа жобасын жүзеге асырды деген сенімдемін. Бұл кезектен тыс Президент сайлауын тарихи оқиғаға балау керек.
Рас, бұған дейін сайлаулар болды. Алайда, осы саяси науқаннан халықтың үміті зор. Қандай қоғамда болмасын, келешекке кемелді келісім, бұғаналы бетбұрыс қажет. Бүгінгі дәуірдің діттегені осы. Жүзден жүйрікті таңдайтын уақыт талабында тартынудың қажеті жоқ. Баршамыздың мүддеміз, ұстанатын мақсатымыз бір болу керек. Ол елдің ертеңі.
Бүгін еріншектік танытпай, иә болмаса сенімсіздік білдірмей өзіміздің саяси еркіндігімізді жасауымыз керек. Дауыс бермей немқұрайлық танытсақ, ол өзімізе сын. Сондықтан, барша маңғыстаулықтарды дауыс беруге шақырамын. Ертең өкінбейтіндей өрелі таңдау жасайық »,-дейді Азамат.