Ақтаудағы автопарк диспетчері Айнұр Салменова қалаішілік және аудан арасында жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың жолға уақытылы шығуын қадағалайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
35 жастағы Айнұр Салменова «Caspiy avtopark» компаниясында 2020 жылдан бері диспетчер болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, бұл қызметте жауапкершілік пен әріптестер арасындағы ауызбіршілік маңызды. Үш баланың анасы ауданаралық және Ақтау қаласы бойынша жолға шығатын автобустардың тазалығын да тексереді.
-Менің жұмысым таңғы 6:00-де басталады. Мен қалаішілік және ауданаралық автобустардың жолға уақытылы шығуын қадағалаймын. Әрбір жолсерік пен жүргізуші жолға шықпас бұрын міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді. Содан кейін мен қажетті құжаттарды реттестіремін. Мысалы, күнделікті есепте автобустың жүрген жолы, табель және күнделікті жұмысқа шыққан қызметкерлердің саны көрсетіледі. Біздің компанияда жүзге жуық әйел жұмыс істейді. Барша әріптестерімді, аналарды, аруларды мерекемен құттықтаймын!, - деді Айнұр Салменова.