Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығында мереке күні 22 бала дүниеге келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстық аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, халықаралық әйелдер күні 9 қыз, 13 ер бала туылды. Оның ішінде бойы 60 сантиметр, салмағы 5 380 грамм алып бала бар. Ал туылған сәбилердің ішінде ең жеңілі 2 700 грамм, бойы 49 см.
Алып сәбидің анасы - 37 жастағы Жаңылсын Жұмағамбетова. Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылында тұратын ана ұлына Нұрдәулет есімін қойған.
"Сәбидің де, өзімнің де денсаулығым өте жақсы. Нұрдәулет біздің отбасыда үшінші бала. Бұған дейін тұңғыш ұлым 4 келіге жуық болып дүниеге келсе, қызым 4,5 келі болып туды. Сәбиімнің жағдайын дәрігерлер жақсы деп бағалады. Әзірге осы перинаталдық орталықта боламыз", - деді Жаңылсын Жұмағамбетова.