Ақтауда таңертең үш мыңға жуық адам сенбілікке шықты. Сенбілік барысында барлығы 300 тоннадан астам қоқыс жиналып, жөнелтілді. mangystaumedia.kz редакциясы таңертең ұйықтамай, күрек, тырмаларын алып жағалауға шыққан тұрғындармен тілдесті.
Сенбілікке Маңғыстау мен Қазақстанның даңқын республикалық және халықаралық аренада асқақтатқан белгілі спортшылар жиналды. Жағалауға 150-ге жуық спортшы шықты, олардың он бесі - Маңғыстау облысы мүгедектер клубының мүшесі.
Парапауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғани Есентеміров, бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов, бокстан Азия чемпионы Берік Әбдірахманов, бокстан олимпиада, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтер де тазалық жұмысына белсене кірісті.
«Бүгін спортшылар сүйікті қаламыздың келбетін жақсартуға жан-жақты көмек көрсетуді жөн көрді. Өйткені, туған жерді көркейту – әрбір азаматтың борышы. Қоқыс пен шөпті жинап, үш ауыр жүк көлігіне тиедік», – дейді Ғани Есентеміров.
Бекжан Оңайбаев бес жылдан бері коммуналдық салада жұмыс істейді. Оның жұмысы күнделікті тазалық жұмыстарын жүргізу. Қалалық тазалық кәсіпорны жұмысшыларының арқасында теңіз жағасы әрқашан тап-таза, келушілердің жанын жадыратады. Бекжанның сөзінше, демалыс күндері жағаны қоқыс қаптайды.
«Біз сондай әдемі теңіз жағасында тұрамыз. Бұл барша тұрғындар мен қонақтар үшін демалуға, таза теңіз ауасын жұтуға болатын көз тартар көрікті мекен. Әрбір демалушы, тым болмаса, қалдықтарын қоқыс жәшігіне апарып салса, жағалауымыз бұдан да таза әрі әдемі болар еді. Адамдар ойланбастан бөтелкелер мен тағамдардың қабын осында лақтыра салады, бірақ мұның бәрі қаланың тұрпатына әсер етпей қоймайды. Әркім таза жерде өмір сүргісі келеді, сол үшін барлығы ұқыпты болуы керек», – дейді Бекжан Оңайбаев.
«Бүгін Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» акциясы ең көрікті жеріміз - теңіз жағалауында болып жатыр. Өзіміздің азаматтық позициямызды ұстанып, экологиямызға жанашырлықпен қарап, ерікті болып, осы жаққа келіп, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл қоғам белсенділері үшін – мереке. Мұнда достарымызбен кездесеміз, қаламызды тазалаймыз, жаңа идеяларды талқылаймыз. Егер адамдар айналасын жинап, тазалап жүретін болса, сенбіліктің қажеті жоқ деп ойлаймын. Туристер көп болған соң, жинауға мәжбүрміз. Сенбілікті күн сайын жасасақ та, қаламыз үшін артық етпейді», – дейді «Рухтан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлназ Ушанова.
«Сенбілікке жиі шығып тұрамыз. 10 жастар ұйымынан жетпістен аса мүшесі теңіз жағасын қоқыстан арылтып жатыр. Бұл – үлкен мереке. Кәсіпкерлік, қаржылық ұйымның мүшелері де осында тазалыққа үлесін қосып жүр», – дейді Маңғыстау облысы жастар саясаты басқармасының мәселелер жөніндегі бас маманы Дәулет Бейнет.
Сенбілікке қоғам белсенділері де шықты. Солардың бірі - «Қоғамдық келісім» КММ-нің жетекшісі Амангүл Жайлыханова.
«Осы тамаша сенбілік шараның идеясын ұсынғандардың барлығына үлкен рахмет. Жағаны тазартып, әңгімелесіп, жаңалық алмастық. Жағада дайындалған палаудың дәмін таттық», - дейді Амангүл Жайлыханова.
Компаниялар да қоғамдық шарадан тыс қалмады. «Ақжол құрылыс» ЖШС ұжымы да тазалыққа шықты.
«Бүгін біз сенбілікке компания ұжымымен қатысып жатырмыз. Бұл тек қана тазалық жұмыстары ғана емес, халықты ауызбіршілік пен ынтымаққа, ынтымаққа үндейтін керемет мүмкіндік. «Таза Қазақстан» акциясы әрі қарай жалғаса берсін!», - дейді компания қызметкері Ардақ Қатарбаев.