Қала әкімінің журналистермен кездесуінде шаһар басшысы қала тұрғындарымен бұған дейін кездескенін айтты. Қала әкімі бұған дейін жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапқан бірнеше жобаны атап өтті.
Ақтауда жасөспірімдерге арналған ойын алаңдары, субұрқақтар мен жасыл алаңдар ашылмақ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мәселен, қала әкімдігі Ботаникалық бақтан жағалауға дейінгі аумақты жаңартуды жоспарлап отыр. Онда ойын алаңдары мен демалыс орындары болады. Жағалауда амфитеатрдағы бағдарламалар мен күн ыстығынан паналайтын шатырлар қарастырылған.
Сонымен қатар, Ақтау қаласының әкімі жағалаудағы көліктер мен заңсыз саудадан арылуға уәде берді. Сондай-ақ, Ақтаудың көпқабатты үйлерін көрікті ету үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен шығармашылық граффитишілерді шақыру жоспарлануда.
Тағы бір жағымды жаңалық- енді Ақтаудағы көше спортына ерекше көңіл бөлінбек.
- Ақтауда воркаут алаңдары, скейт-парктер, роликтер алаңдары салынады. Сонымен қатар, қазір бос жатқан кейбір аумақтар абаттандырылады. Бұл үшін Маңғыстаудың ауа райына бейімделген өсімдіктер пайдаланылады. Әбіш Кекілбаев атындағы мұражайдың алдында, қалалық әкімдіктің алдында, облыстық мешіттің алдында, 1а шағын ауданында, 12-шағын аудандағы аллеяда субұрқақтар мен демалыс орындары жұмыс жасайтын болады, - деді ол.
Мұның бәрі бюджет есебінен емес, қалаға бей-жай қарамайтын кәсіпкерлердің есебінен құрылғалы отыр.