Ақтаудағы NIS-те Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты орналастыру қорының қолдауымен «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз» тақырыбында оқушылар арасында постер байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтаудағы NIS-тің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқаудың мақсаты – жоғары сынып оқушыларының назарын тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне аудару және зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін дамытуға ынталандыру, сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін көтеру. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты орналастыру қорының дипломдары мен сертификаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ Ақтауда Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты орналастыру қорының басшысы Ронни Линдстроммен кездесу өтті. Кездесу «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» халықаралық науқаны аясында жүзеге асты.
Ронни Линдстром ақтаулық оқушылармен кездесу барысында еліміздегі репродуктивті денсаулық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының қолжетімділігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
- Қоғамда барлық әйел, ер адам өзін қауіпсіз сезіну керек. Зорлық жоқ отбасыларда оқушылардың үлгерімі, менталды жағдайы және отбасының әлеуметтік статусы жоғары болады осыны ескеру қажет. Қазір тикток секілді әлеуметтік желілері арқылы Қазақстандағы зорлық-зомбылыққа қарсы, репродуктивті денсаулық бойынша насихаттау жұмыстары жүргізілуде, - деді Ронни Линдстром.