Ақтауда 5 жасар Еркежанның оқиғасынан кейін жексенбі күні әйелдер жиналып, жағалауда наразылық акциясын өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ашынған ақтаулық аналар теңіз жағасында «Баланың өміріне сексуалдық қиянат жасағанға – өлім», «Педофилдерді түрмеде асыраудың еш қажеті жоқ» деген плакаттар ұстап, «Балалардың құқығы қорғалсын» деп ұрандады. Олар балалардың құқығына жыныстық қол сұғылған жағдайда өлім жазасын қолдануды талап ететіндерін де жасырмады.
"Бұл педофилдердің ең жоғары жазаға тартылуы үшін ұйымдастырылған бейбіт наразылық. Олар қылмыс жасағаны үшін жәбірленушінің ата-анасының есебінен түрмеде өмір сүрмей, өлім жазасына кесілуден қорқуы тиіс. Мен екі қыздың анасымын және олардың болашағы үшін алаңдаймын", - деді акция қатысушысы.
Маңғыстау облысының полиция департаменті хабарлағандай, әйелдерге түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, 13 шілдеде Түркістан облысында бес жасар қыз сұмдық ажалмен қаза тапты. Бұл факт ҚР ҚК-нің 99-бабы "Кісі өлтіру" бойынша тіркелді, алайда қазақстандықтар қорлау фактісі орын алғанын айтады. Күдікті бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған, сондай – ақ мамыр айында адамға қарсы тағы бір қылмыс жасағаны үшін 3 жылға бас бостандығы шектелген.