Бүгін, 24 желтоқсан күні қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Эко Маңғыстау» ҰПҰ ұйымдастыруымен «Caspiy winter eco fest» экологиялық фестивалі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Экофестивальдің негізгі қатысушылары балалар болды. Жиын аясында қалалық байқауларда үздік болған жеңімпаз балалар марапатталып, жаңа жылдық лотереяға қатысты.
Қатысушыларға квесттер, фотоаймақ, аквагримм, буккроссинг, фотоаймақтар ұсынылып, «Ескіден-жаңаға» атты шеберлік сағаты мен "Эко-фиксики" анимациялық бағдарламасы қойылды.
«Бұл фестиваль – өз қолдарымен түрлі бұйымдар, кәдесыйлар дайындайтын жергілікті қолөнершілер мен шеберлерді қолдауға арналған маңызды алаң. Мұнда шеберлерге өнерлерін көрсетіп, өнімдерін сатуға мүмкіндік жасалды. Бұл кездесу үлкен отбасылық мереке секілді өтті. Бүгінгі жиынға барлығы 400-ге жуық адам қатысты», - деді «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ басшысы Кирилл Осин.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғауды насихаттау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар жиын барысында «Үздік аула, үздік сыпырушы, үздік мекеме» және «Ақтау БАҚ айнасында – 2023» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бірінші байқау бойынша 14 жеңімпаз анықталды. «Үздік аула сыпырушы» аталымы коммуналдық кәсіпорын қызметкері Дариға Шуваковаға бұйырды.
«Коммуналдық салада 15 жыл жұмыс істеп, 4 бала тәрбиелеп отырмын. Еңбегіміздің бағаланып, осындай байқаудың ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. Ақтау қаласының әкімдігіне алғысымды білдіремін және барша қала тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын», — деді Дариға Шувакова.
Байқау алғаш рет ұйымдастырылғандықтан комиссия мүшелері жарысқа қатысушылардың барлығына қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.
«Біз «Үздік аула сыпырушы» аталымы бойынша 6, «Үздік аула» аталымы бойынша 8 өтінім қабылдадық. Өтінімдердің барлығы да абаттандыру, көгалдандыру, аула тұрғындарының белсенділігі бойынша бағаланды. Келер жылы қатысушылар саны артады деп сенеміз. «Үздік аула сыпырушы» номинациясында Ақтау қаласының тұрғын үй кешенінен екі адам және коммуналдық кәсіпорындардан 4 қатысушы ұсынылды», - деп атап өтті Кирилл Осин.
Сондай-ақ фестивальде журналистер де марапатталды. БАҚ өкілдері бір ай көлемінде конкурстық номинациялар бойынша материалдарын жолдаған. Марапатталғандар қатарында «Маңғыстау Медианың» журналистері Ольга Золотых пен Валентина Қозыбақова бар.