Үлескерлер «Alem Towers» тұрғын үй кешенін сот бұзу туралы шешім шығарды деп алаңдайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
17 шағын аудандағы «Alem Towers» ТК үлескерлері үйі мен көлігін сатып, құрылыс компаниясына 2 жыл бұрын қаражат салған. Құрылысы өткен жылы басталған нысан биыл қолданысқа берілуі керек болған. Алайда сот бұл тұрғын үйдің құрылысын заңсыз деп, сүру туралы шешім шығарған.
- Тұрып жатқан пәтерімді сатып, ақшасын осы үйге салдым. Жақсы қарқынмен салынып келе жатыр еді. Соңғы жағында әкімдікпен соттасып кетті. Не ақшасыз, не үйсіз далада қалып қоймайық, - дейді үлескер Амантай Сүйеуов.
- Сегізінші қабатқа келгенде біздің үйімізді бұзуға шешім қабылдап отыр. Біз бұл үйге несие алып, үйіміздегі барымызды салып алған үйіміз. Бәрін көзімізбен көргенбіз, дұрыс болған. Сол құжатты енді әкімдік жоққа шығарып отыр, - дейді үлескер Гүлсара Жұманиязова.
Ал құрылыс компаниясының басшысы эскиздік жобаны бас сәулетші мақұлдады деп отыр. Ол бүкіл құжат заңды түрде жасалған дейді. Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағылар компания нысан құрылысының басталғаны туралы хабарламағанын айтады. Тиісті құжаттарды да заңды тәртібімен жолдамады деп отыр.
- Себебін айтпай, хабарламай біздің эскиздік жобамыз бен сәулеттік жоба тапсырмасын кері жіберіп тастады, - дейді құрылыс компаниясының басшысы Арман Жұбанов.
- Қандай да бір сапасына біз жауап бере алмаймыз. Яғни бұл нысанда авторлық та, техникалық қадағалаушы мамандар жоқ. Сол себепті біздер бұл нысанды өз бетімен салынған құрылыс деп танып, сотқа тиісті талап арыз жолдағанбыз, - Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы дейді Дәурен Өтепқали.
Алайда әкімдіктегілер екі бірдей тұрғын үйді бірден бұзып тастамайтынын айтып отыр. Егер компания құжаттарды өз тәртібімен өткізсе, құрылысты жалғастыруға рұқсат беріледі екен. Айта кетейік, басқарманың мәліметінше Ақтауда құжаты дұрыс заңдастырылмаған 30 үйдің құрылысы жүріп жатыр екен. Соның ішінде 10 нысанның құрылысын тоқтату жөнінде сотқа арыз жолданған.
Махаббат Нұржанқызы