Таяуда Ақтаудағы «Жас батыр» спорт мектебі жылды қорытындылап, саладағы үздіктерді анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Биыл «Жас батыр» жыл қорытындысы бойынша спорт мектебінің 6 үздік бапкері мен үздік 7 спортшыға арнайы алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.
Дзюдодан «Үздік жаттықтырушы - 2023» номинациясының иегері Нұрлыбай Серғазиев, жекпе-жек сайысынан Абасгулу Дунямалиев, спорттық гимнастикадан Сайлау Рахов және көркем гимнастикадан Анастасия Алексеева марапатталды. Сондай-ақ, «Үздік бапкер-2023» номинациясын самбодан Бағлан Ибрагим, таеквондодан Самат Жантілеуов алды.
Тек Ақтаудың емес, еліміздің үздік мектептерінің бірі «Жас батыр» 2017, 2018, 2019 жылдары ҚР үздік спорт мектебі атағын алған.
Ендеше назарыңызға өңір спортын дамытуға зор үлес қосып жүрген «Жас батыр» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекеновтің сұхбатын назарыңызға ұсынамыз.
– Манарбек Жұбатқанұлы, сіз басқарып отырған «Жас батыр» спорт мектебінің жұмысына тоқталсақ. Спорт нысаны қай кезден бастап жұмысқа кірісті?
Бұл спорт мектебі басшылығына 2014 жылы келдім. Сол уақытта спорт мектебінде 15 спорт түрі бар еді. Атап айтқанда, су, ұлттық спорт түрлері, олимпиадалық және олимпиадалық емес, командалық спорт. Мен кішкентай кезімнен қазақ күресімен айналыстым, ол кезде ұлттық күрес болғанымен тек ел ішінде ғана жарыстар болатын. Ал әлемдік аренаға шығу үшін самбо, дзюдо күрестерімен айналысу қажет болды. Біз жетпеген шыңдарға әлемдік аренада, олимпиадада көрінсе деген мақсатпен 2000 жылы Маңғыстау ауданы, Шетпе кентінде балалар ды спортқа тәрбиелей бастадым. Ол кезде спорт мектептері күшін жо йып, клубқа айналып әлсіреп жатқан кезі. Жақсы нәтижелерге жеттік. Дайындаған шәкірттеріміз дзюдо, самбо күресінен түрлі сайыстарда жеңімпаз атанды. Азия, әлем чемпионатына жолдамамалар алып бастады. Бірнеше шәкіртіміз әлем, Азия жүлдегерлері болды. Жұмыс жасай келе, 2014 жылы сол кездегі облыстық спорт басқармасының бастығы Сергей Иванович мені Ақтауға шақырды. Осында келіп бас шылықта қызмет жаса, бапкерлік жұмысыңды көрдік, нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Бапкерліктен басшылық қызметті де көр деді. Сол уақытта құрамада шәкірттеріміз күресіп жүрген, дайындап жат қан балаларымыздың ішінде бес бала әлем чемпионы болды: Нұркен Домбаев, Нұрбек Қуанышұлы, Рамазан Мамаев, Гүлдана Әлмұханбетова, Дәурен Төлегенов. Жиырмаға жуық Азия чемпионы, он алты әлем чемпионы болды. Алпысқа жуық ҚР спорт шебері марапатын алдық. Аудан, облыстың бірнеше спорт мектептерінің нәтижесін қоссаңыз да, біздің көрсеткішімізге жетпейді. Содан бапкерлік жұмысты тастап, басшылық жұмысқа ауыстым. Бапкер болып тіркелмегенмен үлкен елдік құрамада жүрген балаларымыздың барлығын әлі күнге дейін жаттықтырамыз. Сұңғат Жұбатхан мен Бауыржан Нарбаев – дзюдо күресінен алда болатын олимпиадаға үміткер. Екеуі де әлем чемпионатының бірнеше халықаралық гранпри жүлдегерлері, Азия чемпионы. Маңғыстаудағы дзюдо, самбо күресінен білікті спортшылар. Одан бөлек жасөспірім спортшыларымыз өсіп келе жатыр. Мен басшылыққа келгелі 2014 жылы он бес спорт түрі болды. Көп болғаны жақсы, бірақ жоғары нәтижеге жете алмасымды білдім. Спорт түрлерін іріктеп керегін қалдыруды жөн деп санадым. Сол кездегі спорт басқармасының басшысы Сергей Ивановичке кіріп түсіндіріп, өз жоспарларым мен ойымды жеткіздім. Мұндағы спорттың әрқайсысының бағыты әртүрлі, су, ұлттық, олимпиадалық, олимдиадалық емес және командалық спорт түрі бар еді. Бұлардың барлығын бірге алып жүріп белгілі нәтижеге жете алмасымды түсіндірдім, оған қомақты қаржы керек екенін де білемін. Су спорт түрін парусный спорт түріне берейік, ұлттық спортты арнайы өз мектебіне, олимпиадалық еместерді де өзіне тиесілі саласына беріп іріктейік деген ой тастадым. Сол кезде тек қана жекпе-жек спорт түрлері қалады. Біздің мақсатымыз – қалай жүру керек екенімізді айқындау. Ол кісіге де ойым ұнады. Солай іріктедік. Міне, тоғызыншы жыл осы мекемені басқарып келе жатырмын. Тоғыз жылда сегіз әлем чемпионын шығарыппыз. Сол тоғыз жыл қатарынан биыл тоғызыншы рет «Жас батыр» үздігі номинациясы өткізіліп келе жатыр. «Жас батыр» спорт мектебінде бұған дейін 1900-ға жуық спортшы болған. Жоғарыда айтып кеткендей, спорт түрлерін ірік тегеннен кейін бала саны азайды. Қазіргі таңда 1218 спортшы бар. Сол спортшылардың арасынан 300-ге жуығы марапатталады. Бүгінгі күнге дейін 2023 жылы 60 спортшыны ұлттық құрамаға беріп отырмыз. Ол дегеніміз мектеп құрылған кездегі біздің мақсат, арманымыздың 10 есе жоғары орындалғанын байқауға болады. Мұның барлығы– бапкерлердің, әдіскер, жалпы мектеп қызметкерлерінің еңбегі. Бағыт-бағдарымыздың тура жолда екенін түсіндік. Мектеп үшін барымызды салып еңбек етіп жатырмыз. Қазіргі таңда жеті спорт түрін қалдырдым. 2014 жылға дейін мектептің атауы «Жастар» спорт мектебі болған. Жастар спорт мектебі, жастар орталығы, жастар саясаты деген сияқты бөлімдер көп. Көбісі шатасып, қай жастар деп сұрайтын болды. «Жас батыр» деп ауыстырдық. Атына заты сай болып, мықты жасөспірімдер шығып жатыр. Жылда ұлттық құрамаға 50-60 баладан берсек, қанша бала әлем чемпионы және Қазақстан жүлдегері болды. Жылда он екі айда он екі жарыс өткіземіз. Дзюдо, самбо, жекпе-жек сайысы, таэквандо, каратэ бар.
– Спорт мектебінде спорттың қай түрі алда келе жатыр?
Қазір дзюдо, самбо, таэквандо өте қарқынды. Биыл тұңғыш рет таэквандодан Маңғыстаудан әлем чемпионы шықты. Спорттық гимнастикадан бұрын-соңды болмаған үш қазақстандық жеңімпаз болса, жекпе-жек сайысы (рукопаш) бойынша әлем чемпионы шықты. Бәрі де – кешенді жұмыстың нәтижесі. Белбеу күресі, каратэ кенже қалып жатса да, бұл спорт түрінен бес Қазақстан чемпионымыз бар.
– Жаттықтырушылар арасында кімдерді үлгі тұтып, кімдермен мақтана аласыз?
Спортшының маңдай терімен жеткен биігі – бірінші кезекте бапкер еңбегінің нәтижесі. Олар тұғырда қасқайып тұратын ұл-қыздары үшін бар өмірін сарп етеді. Бапкер ойын баласынан чемпион шығарғанша тыным таппайды. Мектебімізде 37 бапкер бар. Мысалы, Дастанғали Қуанғали, Самат Жантілеуов, т.б., ал Берік Жұмағалиев – самбо күресінен Қазақстанның 4 дүркін әлем чемпионын дайындаған білікті бапкер.
– Жаттықтырушыларды жұмысқа аларда қандай қасиеттерге басымдық бересіз? Шәкірттеріңіздің арасынан болашақта кімдерден үміт күтесіз?
Бұл саланы жақсы білгендіктен бапкер, спортшы ретінде жаттықтырушыларды жеке өзім қабылдаймын. Жаттықтырушыларды үш сатыға бөлеміз. Біріншісі – әлем деңгейінде жүретін бапкерлер. Ол басшыдан да, облыс спорт басшысынан да терең ойлау керек, спорттық логикасы биік қабілетке ие бола отырып әр елдің менталитетін, психологиясын жақсы білуі қажет. Екіншісі – Қазақстанның ішіндегі бапкерлер, ол физикалық тұрғыда мықты, баласы үшін мысы жоғары болуы керек. Үшінші саты – «үйдегі» бапкерлер. Үміт күтетін спортшыларымыз көп. Соның ішінде Сұңғат Жұбатқан, Нұрсұлтан Жұбат қан, Айкүн Рахметова бар.
– Сіз қазақ спортының болашағын қалай елестетер едіңіз?
– Спорт саласында спорттың қыр-сырын білетін спортшылар жұмыс істеу қажет. Әрбір саланың өз адамы болады. Сонда ғана биік белестерге, оң нәтижелерге жетеміз.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
Келер жылға үлкен жоспарлар бар. Маңғыстауда самбо күресінен Азия чемпионаты өтеді. Соған қызу дайындық үстіндеміз. Кейбір бағытты өзгертсек дейміз. Түрлі шеберлік сыныптарды ұйымдастырып, бапкерлерді шақыру ойда бар. Кейбіреулер бапкерлерді неге сырттан әкеледі деп түсінбеуі мүмкін, мен сырттан спортшы әкелуге түбегейлі қарсымын. Бірақ ұстаздар мен бапкерлерді әкелуіміздің себебі біздегі бапкерлердің білімі белгілі бір колледждің білімі болса, сырттан мықты мамандар алып келсек, біреуі университет, біреуі аспирантура, біреуі академия білімін алған деген сияқты әрқайсысы өзінің дәрежесінде дайындайды. 45 жыл тәлім берсе, бір келгенде 100-200 баланы дайындайды. Демек, 4 бапкер келсе 400 бала білім алады.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Зухра ӘБДІЛ-САТТАР