Бұл жөнінде “Атамекен” кәсіпкерлік палатасында туризді дамыту бойынша өткен жиында айтылды. Мұндай үйлер демалыс орталықтары, кафелер, этноүйлер үшін қолайлы болмақ. Спикерлер туризмді дамыту мақсатында сәулет құрылыстарын дамытып, тіпті ұлу қабыршағы сынды үйлер жасауды ұсынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазір туризм жағынан дамып келе жатқан бірнеше елдерде стандартты емес экоүйлерді салу көбейген.
«Ақтауда архитектуралық көрікті жерлер аз екені жасырын емес. Ал, Маңғыстаудағы туризмнің өсу әлеуеті орасан зор. Ақтаудағы туризмді дамыту мәселесінің шешімі ретінде біз қазір 5 идеяны айта аламыз. Оның бірі - 362 саны. Бұл Маңғыстаудың мәдени коды екені белгілі. Мәдени кодты қызықты етіп пайдалануға кірісетін бастамашылар болса, бұл туристер үшін қызықты болар еді. Қала туризмін дамыту Ақтау әуежайының бағыттарының дамуына, яғни рейстер санының артуына да ықпал етеді. Аймақта діни туризмнің дамуына да себепші болады. Туризмді дамытудың тағы бір жолы - Ақтауда өтетін спорттық шараларды дамыту. Тағы бір бағыт – сәулеттік көрікті жерлерді көбейту. Осы мақсатта біз Қазақстанға пенополистиролдан жасалатын тез жиналмалы үйлердің жапондық технологиясын әкелдік», - деді «Landmark Development» ЖШС басқарушы директоры Әлмұхан Балабиев.
Оның айтуынша, мұндай үйлер құрылысымен ерекшеленеді.
Жапонияда мұндай үй бірінші рет 2008 жылы тұрғызылған. Қазір тұтас бір қала осы технологиямен салынған. Ұтымды тұстары - желге төзімді, жер сілкінісіне төтеп бере алады. Ежелгі уақытта Жапонияда барлық үйлер бұрышсыз салынғанын білеміз. Жапондықтар үйде неғұрлым көп бұрыш болса, соғұрлым өмірде кедергі көп болады деп санайды. Бұл жапон философиясы.
Ал мұндай үйге пайдаланылатын материалдың негізгі артықшылығы - энергияны үнемдейді, жылу өткізгіш, ыстық және суық мезгілде қолайлы температураны сақтап тұрады. Экологиялық жағынан таза. Құрылыс уақыты – орташа есеппен 45-50 шаршы метр бір үйді 2 айда салуға болады.
Мамандардың айтуынша, мұндай үйлерді жағалауда, демалыс орталықтары, этно-үйлер, кафелер түрінде салуға болады. Басқосуда қалада ұлу қабыршағы сынды үйлердің салынып жатқаны айтылды.
Қала әкімі Ұлықбек Тналиев кәсіпкерлердің осы бастамаларын қолдайтынын жеткізді.