Биыл Ақтауда Президент шыршасы онлайн емес, оффлайн түрде өтеді. Шараға көпбалалы отбасыдан шыққан, дарынды, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және оқуда үздік атанған 250-ден астам оқушы қатысады деп жоспарланған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова хабарлады.
Спикердің айтуынша, ҚР Президенті атынан барлық балаға 100 000(жүз мың) теңгенің сертификаты және тәттілер сыйға тартылады. Сондай-ақ, танымдық кітаптар мен құттықтау ашықхаты беріледі.
Сондай-ақ, Ә. Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына және Қ. Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханасына экскурсия өткізіледі.
Шараға облыстық мәслихат хатшысы, департамент, басқарма басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ардагер ұстаздар, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.
Брифинг барысында спикер экскурсия және жаңа жыл мерекесі кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауапты органдармен дайындық жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлер бекітілгенін айтып кетті.
«Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты жаңа жылдық шырша 25 желтоқсанда сағат 10:00-де Ақтау қаласындағы «Grand Nur Plaza» салтанат залында өткізіледі.
Еске сала кетейік, қала, аудандарда әкімдердің жаңа жылдық шыршасы мен мектептердегі шыршалар 26-29 желтоқсан аралығында өтеді.