Қалалық әкімдікте жылумен қамту мәселесі бойынша штаб отырысы өтті. Жиында Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев және жауапты мамандар жылумен қамту бағытындағы жұмыстар туралы сөз қозғады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға «МАЭК» ЖШС, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, «Данфосс» ЖШС, «Светлана» пәтер иелері тұтынушы кооперативі, «Альтернатива» үй-жай иелерінің біріккен қоғамы, «Мамандандырылған өндірістік монтаждау-реттеу басқармасы» ЖШС қызметкерлері мен қала әкімдігінің жауапты бөлімдері қатысты. Кездесу барысында тұрғын үйлердегі жылу жетіспеушілігін талқылады. Қала әкімі штаб отырысына қатыспайтын қызмет көрсетуші мекемелердің тізімін жасақтап, тиісті шараларды қолдану керектігін айтты.
-«Каспий жылу, су арнасы» мекемесі жауап беретін жылу желілері бар. Сонымен қоса аталған мекеме қызметкерлері әрбір тұрғын үйдің жертөлесіндегі жылу тораптарында реттеу жұмыстарын жүргізуде. Негізі тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме оның жертөлесіндегі жылу тораптарында реттеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Көптеген тұрғын үйдің жертөлесіндегі жылу тораптарында монометр, термометр жоқтығы және кейбір ысырмалар(задвижка) сынып тұрғаны анықталды. Қаладағы тұрғын үйлердің қызмет көрсетуші мекемелері жылу тораптарындағы қажетті өлшеуіш құралдардың дұрыс жасауын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар әр тұрғын үйде жылуға жауапты сантехниктен бөлек, қысқы жылыту маусымында жылу желілерін реттейтін қызмет көрсететін арнайы мекемемен келісім-шарт жасауы тиіс,- деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Ал «Мамандандырылған өндірістік монтаждау-реттеу басқармасы» ЖШС өкілі қызмет көрсетуші мекемелерде жылу желілерінің механизмін жіті түсінетін мамандардың тапшы екенін жеткізді.
-Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін мекемелерде жылу желілерінің механизмін жақсы білетін маман жоқ. Көптеген тұрғын үй сорғы қойып алған. Соның кесірінен басқаларда жылу жетіспеушілігі туындайды. Сондай-ақ жылу пунктілерінің жұмысын да бақылауға алу керек деп есептеймін, - деді «Мамандандырылған өндірістік монтаждау-реттеу басқармасы» ЖШС өкілі Феликс Ким.
«Альтернатива» үй-жай иелері біріккен қоғамының төрағасы Рысбек Мергеновтың айтуынша, қаладағы заңды тұлғалардың, яғни мекемелердің жылу тораптарындағы құбырларының қызып кетуі анықталып отыр.
-Қаладағы кей мекемелердің жылу тораптарындағы құбырларының қызып кетуі бар. Яғни бірнеше мекеме жылуды артығымен пайдалануда. Оларға төлемді артығымен төлеп тастаған ыңғайлы. Меніңше, бұл мүлдем дұрыс емес. Мекемелердегі жылуды реттеп, тұрғын үйлерге жылу жіберілсе бұл мәселе шешілер еді,- деді «Альтернатива» үй-жай иелері біріккен қоғамының төрағасы Рысбек Мергенов.
Жиын соңында қала әкімі жауаптыларға жылуды артығымен пайдаланып жүрген мекемелерді анықтап, жауапқа тарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.