15 мамыр - Халықаралық отбасы күніне орай қалалық ішкі саясат бөлімінің және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Әйел және қоғам» атты форум өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали, қаржылық эксперт, бизнес тренер Шолпан Түсупбекова, акушер-гинеколог, ювенолог, Ақтау қалалық аналар кеңесінің мүшесі, психолог Кабира Нугманова, көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері, блогер Жансая Сабанбай және ҚР білім беру ісінің үздігі Рыскул Игілікова сөз сөйлеп, өз білімімен бөлісті.
Нұртас Салидің айтуынша, қоғам және әйел ұғымдары - егіз және нәзік жандылардың біздің қоғамдағы рөлі үлкен.
“Қоғам және әйел ұғымдары бір бірімен тығыз байланысты. Екеуі - егіз ұғым және әйел болмаса тіршілік те, қоғам дамуы да бір орында тұрып қалары анық. Әйелдер физикалық тұрғыдан нәзік жаратылыс демесең, олар - ішкі рухы мықты жандар. Ел басына күн туса, еркелігін ысырып қойып, қолына қару алып, жауға шабуға дайын. Оған қазақтың қос батыр қызы - Әлия мен Мәншүк дәлел. Сондықтан әйелдерге әлсіз деп күш көрсету - қоғамға жасалған қастандық деп білемін. Әрбіріңізді нәзік жандыларды қорғауға, қолдауға және лайықты құрмет көрсетуге шақырамын.
Бүгінгі форумда қыздарымыз пайдалы ақпараттарды алып, керемет спикерлеріміздің өмірлік тәжірибелерімен танысады деп үміттенемін”, деді ол.
Форумда қаржылық сауаттылық, білім күші, мақсат қою маңыздылығы, отбасы құндылығы, рухани тәрбие, әйелдердің қоғамдағы рөлі, әйелдердің статусын көтеру, жыныстық сауаттылық, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі жайлы тақырыптар қозғалды.
Іс-шараға келген қонақтар спикерлерге өз сауалдарын қойып, пікірлерімен бөлісті.