Ақтауда Маңғыстау облысының 50 және қаланың 60 жылдығына орай «Маңғыстау мақамдары» атты жыр-күй фестивалі өтті. Іс-шара Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің ұйымдастыруымен өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Теңіз жағалауында өткен концертке он беске жуық өнерпаз қатысты. Әлия Қарамұқан, Асылбек Дәулетияров, Нұрғиса Құдайберген, Темірбек Асқанбаев сынды өнерпаздар Маңғыстау жыршыларының жыр-күйлерін орындады.
-Барша қала тұрғындары мен қонақтарын биылғы мерейтоймен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Халқымыздың асыл қазыналарының бірі жыр-күй өнері дами берсін, - деді өнерпаз Темірбек Асқанбаев.
Атап айтсақ, Мұрат Өскінбаевтың «Жеңіс», Қартбай Қалқаманұлының «Күйбасы», Дәулетнияз Шеркешбайұлының «Ақжелең» туындылары шертілді.
-Іс-шараның басты мақсаты - өңіріміздің талантты күйшілері мен жыршыларын таныту. Маңғыстау облысының 50 және Ақтаудың 60 жылдығына орай алдағы уақытта бірнеше іс-шара жоспарланған, - деді Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Сара Тәңірбергенова.