Ақтау қаласы 17 шағын ауданындағы 102-үйде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Департамент бастығы полиция генерал-майоры Аян Дуйсембаев пунктінің жай-күйімен танысып, қызметкерлерге сәттілік тіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айта кетейік, полиция пункті барлық қажетті құралдармен, байланыс құрылғыларымен жабдықталған.
Бұл жерде екі учаскелік полицей және олардың көмекшісінен бөлек, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жедел әрекет ететін ювеналды полиция бөлімінің екі инспекторы да қызмет етеді.
Бекітілген аумақтарда, яғни 17, 18, 18А шағын аудандарда барлығы 35 мың азаматтың қауіпсіздігі қадағаланбақ.
17 шағын ауданда орналасқан полиция пункті азаматтарды кешкі 18:00-ден бастап 21:00-ге дейін қабылдайды. Кезекші бөлімнің нөмірі: 102, 47-48-02.
Сондай-ақ, Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылында да жаңа пункт жұмысын бастады. Мұнда учаскелік полиция және ювеналды полиция қызметкерлері 3207 азамат пен 861 кәмелетке толмаған жасөспірімнің қауіпсіздіктерін қамтамасыз етеді.