Ақтау қалалық әкімдігінде электр энергиясына қатысты жалпы үй қажеттіліктерінің (ОДН) төлемін тікелей коммуналдық мекемелерге төлеу және жылу мәселесі бойынша штаб отырысы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімінің орынбасары Тілек Нұрпеиісовтің төрағалығымен өткен жиынға Энергетика министрлігі атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК,«Маңғыстау жарық» ЖШС өкілдері мен жауапты бөлімдер қатысты. Жиында электр энергиясына қатысты жалпы тұрғын үй қажеттіліктерін тұрғындар тікелей «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК немесе «Маңғыстау жарық» ЖШС-не төлеу мәселесі талқыланып, қызмет көрсетуші мекеме өкілдеріне бірқатар тапсырмалар берілді.
- Қызмет көрсетуші мекемелері 2024 жылдың 1 наурызына дейін көппәтерлі тұрғын-үйлердің тұрғындары арасында электр энергиясына қатысты жалпы үй қажеттіліктері бойынша сауалнама жүргізіп, оның қорытындысы туралы хаттаманы «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК және «Маңғыстау жарық» ЖШС-не ұсынылуын қамтамасыз етіңіздер, - деді қала әкімінің орынбасары Тілек Нұрпеиісов.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары жауаптыларға термореттегіші жоқ көппәтерлі тұрғын-үйлердің ыстық су жүйесін(ГВС) кері айналымға қосу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Қызмет көрсетуші мекемелер тарапынан көппәтерлі тұрғын-үйлердің жылу тораптарына реттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.