Ақтауда шомылушылар жиі баратын Каспий жағалауы қоқыстан тазартылды. Бұл жолғы тазалық акциясына көпбалалы және мүгедектігі бар балалардың ата-аналары қатысты, деп хабарлайды mangysaumedia.kz сайты.
Тазалық жұмыстары "Біз адамдар – біз біргеміз" қоғамдық қорының бастамасымен өтті. Мақсат – туристер мен тұрғындарды табиғатты аялауға шақыру. Таңғы 6-дан бастап түске дейін 14ш/а жағажайынан 4 тоннадан аса қоқыс жиналып, тұрмыстық қалдықтар полигонға жіберілді.
- Жиналған қоқыстардың басым бөлігі – пластик бұйымдар. Қоқыстың бұл түрі Каспийдің биологиялық ортасына өте қауіпті. Теңіз суы мен жағалаудың таза болуын барлығымыз қадағалауымыз қажет,- дейді ұйымдастырушылар.
Ал қоғамдық қор директоры Иманғазы Досмұхаметовтің айтуынша, Каспийдің қаламен шектесетін жағалауы өте лас. Пластик құтылар, шыны сынықтары мен тағам қалдығы көрінген жерде жатыр.
- Тазалық шарасына келген тұрғындарға алғыс айтамын. Осы жұмыстың басты себепкері – көпбалалы аналар. 50-ден аса қала тұрғынымен бірлесіп, қаламыздың тазалығына үлес қосқымыз келді. Бүгінгі шара әлі де жалғасын табады,- деді ол өз сөзінде.