Ақтауда 30-қыркүйек күні облыстың және қаланың мерейтойына орай республикалық «Толағай» алыптар сайысы өтті. Спорттық шара Ақтау қаласы әкімдігінің және Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Алыптар сайысында жеңімпаздар медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. ІІІ орынды және 400 000 теңге жүлде қорын жаңаөзендік пауэрлифтингтен спорт шебері Бекен Мұхаммедов иеленді. ІІ орынды және 600 000 теңге жүлде қорын атыраулық пауэрлифтингтен әлем чемпионы Эдуард Қабдешев жеңіп алды. Ал пауерлифтингтен жаңаөзендік спорт шебері Ерсейіт Бралин 1 млн теңгеге ие болып, республикалық алыптар сайысының жеңімпазы атанды.
Республикалық сайысқа Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысынан барлығы 15 спортшы қатысты. Олардың жетеуі әр түрлі спорт түрінен спорт шебері болса, екеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Шараның ашылу салтанатына Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту бойынша Ақтау қаласында көптеген спорттық іс-шара өткізіліп жатыр. Өскелең ұрпақ осы спортшыларға қарап бой түзейді. Барлық жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев.
Сайыс ережесі бойынша қатысушылар бірнеше кезеңнен өтті. Атап айтқанда, 1 минут ішінде қашықтыққа салмағы 141 кг табиғи тасты көтеріп жүру, ұзындығы кемінде 80 см және 150 см аспайтын диаметрі 14-16 мм кем емес арматураны мойынға қойып ию, ұзындығы 2-3 метр, салмағы 500 кг арбаны сүйреу, ұзындығы 150 см аспайтын, салмағы 10 кг ұшы темір, табиғи ағаштардан жасалған найзаны қашықтыққа лақтыру бойынша сынға түсті.
- Толағай алыптар сайысы Ақтау қаласында алғаш рет өткізіліп отыр. Жарыстың басты мақсаты - бұқаралық спортты дамыту. Алыптар сайысына қолдау білдірген Ақтау қаласы әкімдігі және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымды білдіремін, - деді бас төреші Тимур Сыпатаев.