Бүгін Ақтауда Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Сақып Керелбаев атындағы аудитория ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудитория жастарға Сақып Керелбаевтың өнегелі өмірі мен тағылымды еңбек жолын таныстырады. Сондай-ақ, QR код арқылы С. Керелбаевтың еңбектерін оқуға болады. Сақып Керелбаевтың «Бекет Ата асы шежіресі», «Маңғыстау», «Сұрасаң руымды – Дәулеталы», «Мың бояулы Маңғыстау» кітаптары авторларының бірі, «Түбектің танымал тұлғалары» атты кітабы жарық көрген.
Сақып Керелбаев Бүркітбайұлы 1947 жылы Маңғыстау ауданының Таушық ауылында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын, Алматы Жоғарғы партия мектебін, Ресейдің Плеханов атындағы Мемлекеттік академиясын бітірген – экономист, саясаттанушы, менеджер. Маңғыстау ауданындағы кеңшарларда аға есепші, бас экономист, Маңғышлақ облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бірінші хатшының көмекшісі, ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы және аудандық кеңес төрағасы, облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, «Маңғыстау» агрокомбинатының бас директоры, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы, облыс әкімінің бірінші орынбасары, «Аджип» ККО директорының кеңесшісі, «ОКК» ЖШС директорының кеңесшісі қызметтерін атқарған. «Құрмет» ордені мен 7 медальдің иегері. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Маңғыстау облысының «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Маңғыстау ауданының құрметті азаматы. ҚКП XV, XVI, XVII съездерінің делегаты, Гурьев және Маңғыстау облыстық кеңестерінің депутаты болып сайланған.
Айта кетейік, бүгін «С.Керелбаевтың Маңғыстау облысының экономикалық-инновациялық дамуына қосқан үлесі жəне жоғары білім беру жүйесінің мəселелері» атты ғылыми-көпшілік конференциясы өтіп жатыр.