13 мамырда Ақтауға Kronospan (Кроношпан) компаниясының коммерциялық директоры Томаш Янчак пен компанияның Қазақстандағы өкілі Екатерина Рабизова бастаған мүшелері Маңғыстау облысына арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында компания өкілдері Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Бектемірмен кездесті. Жүздесу барысында Маңғыстау облысында ламинатталған ағаш тақтасын (ЛДСП) өндіру жобасын іске асыру мүмкіндігі талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Руслан Бектемір Мәскеу (а.ж. 20-22 сәуір) және Астана қалаларындағы Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында (а. ж. 10-12 мамыр) потенциалды инвесторлармен өткізілген кездесулерде Kronospan компаниясымен Ақтау қаласына сапары бойынша уағдаласқан.
- Бірінші кезекте біздің өңірде жобаны іске асыруға қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Сіздерді қасиетті Маңғыстау жерінде көргенімізге қуаныштымыз және бүгінгі кездесуіміз өзара тиімді ынтымақтастық пен бірлескен істің бастауы болады деп үміттенеміз.
Географиялық жағынан қолайлы жерде орналасқан Маңғыстау Қазақстанның жетекші әрі маңызды өңірлерінің бірі болып саналады. Облыста бизнес жүргізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы өңір экономикасын әртараптандырудың тиімді құралы ретінде табысты жұмыс істеуде. Маңғыстау өзара тиімді ынтымақтастыққа, ұсыныстар мен бизнес-идеяларға әрқашан дайын, – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Бектемір.
Өз кезегінде Kronospan компаниясының коммерциялық директоры Томаш Янчак компанияның өнімдерімен, қызметтерін, жобаның бизнес-тұжырымдамасын және шетелдік даму мүмкіндіктерін таныстырды.
-Kronospan-1897 жылы Австрияда құрылған әлемдегі ең ірі ағаш тақтайшалар әзірлейтін холдингтердің бірі. Бүгінгі таңда Kronospan Жиһаз жасауға және құрылыс саласына арналған плита өнімдерін шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Компания ДСП және ЛДСП, МДФ және ЛМДФ, ХДФ, ЛХДФ, еден жабындары мен ОСБ, фанера даярлайды.
Соңғы 125 жылда компания үнемі өсіп, әлемдік құбылмалы талаптарға сай болуға ұмтылды. Бүгінгі таңда Kronospan-ның бүкіл әлем бойынша 53 өндіріс орны бар, 125 елге өнім жеткізеді. Компанияның кәсіпорындарында 18000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар, Kronospan жоғары экологиялық талаптарға сай жауап беретін, көміртегін өндірмейтін компания болып табылады. Оның өнімдері жыл сайын 20 миллион тоннадан астам СО2 ұстап қалады, - деді Томаш Янчак.
Қазақстанда австриялық компания жаңа жобаларға инвистиция құю мүмкіндіктерін қарастырады. Олар логистикалық хабтар мен өндірістік кәсіпорындарға, оның ішінде өндірістік қызметті дамытуға және өзінің Қазақстанда жасайтын өнімін экспорттауға «Ақтау қаласындағы теңіз порты» АЭА-ға инвестиция жасау мүмкіндіктерін қарайды.
Сонымен қатар, делегация іс-сапар аясында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында болып, ондағы жер учаскелерімен, инвестициялық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктермен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап Маңғыстау облысындағы әлеуетті инвестициялық жобаны іске асыру мүмкіндіктерін зерделеу үшін одан әрі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.