Ақтау қаласындағы N19 мектеп-гимназиясы ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасауда жаңашыл тәсілдерді қолға алды. Жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу арқылы Мәдина Мұратбайқызы Әбдиева жетекшілік ететін педагогикалық ұжым балалармен қарым-қатынас процесінде олардың әлеуметтенуіне, қоғаммен жаңа мәдениетаралық қарым-қатынас орнатуына жол ашпақ. Бүгінде мектепте 3500 бала білім алуда. Олардың 22-сі ерекше бала, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
2022-2023 оқу жылының қыркүйек айынан бастап мектепте «Әр тұлға- дара жұлдыз» атты әлеуметтік жоба қаралып, сынақтан өтіп, өңделген. Содан бастап Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетімен серіктестік негізінде қызмет атқарыла бастады.
- “Әр тұлға – дара жұлдыз” атты жоба барысында мектебімізде арнайы шаралар, шығармашылық байқаулар, танымдық, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, «Жасыл аймақ мекені» атты іс шара жүргізілді. Бұл шарада «Бәріміз біргеміз», «Ғаламшарды гүлдермен безендірейік» акциясы жүргізілді. Мақсаты - қайырымдылық акциясына қатысу арқылы тұлғаның көпмәдениетті және рухани адамгершілік және экологиялық мәдениетін арттыру. Волонтерлік қозғалыс арқылы тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын дамыту. Бұл шараның ерекшелігі акция өз ұранымен өтеді, көрнекіліктері болады. Акция мазмұнына мерекелер, ойын-сауықтар, викторина, көрме, акция обьектілеріне арналған конкурстар кірді. Тағы бір шара «Special Artday» күні ұйымдастырылды. Бұл аптада біз «Қазақстан – менің алтын бесігім» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. «Art week» деп аталатын өнер аптасында түрлі шығармашылық байқаулар, олимпиадалар, танымдық ойындар қамтылды. «Бақытты балалық шақ» жерге сурет салу шығармашылық байқауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Шексіз әлем – балалар көзімен» атты өлеңдер байқауы, «Алтын қолдар», «Бекет бойынша ұлттық ойындар», байқаулары ұйымдастырылды. Нейрожаттығу, есте сақтауды дамытуға арналған ойындар жүргізілді. Бұл жаттығулар көмегімен баланың миы тынығып, дами түседі. Көптілділік, медиа сауаттылыққа қатысты да жаттығулар, сабақтар көптеп өтуде,- дейді жобаны жүзеге асырып жатқандар.
Балалар өнер арқылы әлемді тануға үйренеді. Мысалы, 9-сынып оқушысы Сапар Күзенов барлық пәннен үздік оқушы болғанымен, оның негізгі құмарлығы – сурет салу. Мұғалімнің жетекшілігімен түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеріп қабілетін шыңдауда. Жасөспірімнің өзінің айтуынша, ол кез келген жерде және кез келген уақытта сурет сала алады. Кейде уақыттың қалай өткенін байқамай да қалады. Ол үшін өнер – әлемді оның көзімен өзгелерге көрсету мүмкіндігі.
- Мен қарындашпен, көмірмен, акрилмен, гуашьпен сурет салуды үйреніп жүрм, біраз нәрсе де үйрендім. Айналамыздағы әлемнің сұлулығын түстер мен реңк арқылы жеткізгенді ұнатамын және әзірге бұл үшін менің шеберлігім жеткіліксіз. Өнердің әртүрлі саласына қызығамын. Университетке түсіп, мүсін және модельдеу мамандығын оқығым келеді. Болашақта басқа балаларға да көмектесіп, сурет салуды үйрету - мақсатым, - дейді Сапар.
Әлеуметтік жоба өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді. Өткен оқу жылында студенттер республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған. Мәселен, Серік Әли, Өмірзақ Медина республикалық «Шекарасыз шығармашылық» байқауында «Алтын қолдар» номинациясы бойынша I және III дәрежелі дипломдармен марапатталды. «Шекарасыз – әлем балалар көзімен» атты жеке шығармасының поэзиялық байқауы бойынша Лесбай Исмат жүлделі сертификатпен марапатталды. «Ертегілер елінде» сахналық қойылымдар байқауында 1-сынып оқушысы Мирамхан Нартай шалқанның рөлін сомдап, 1-орынға ие болды. Babyskills чемпионатында Батербай Гүлсезім 3D дизайнерінің құзыреттілігі бойынша «Үздік маман» атағын жеңіп алды.
- Балалардың көптеп қатысуын көріп, біз жобаны ауқымды етуді шештік. Оқу жылының соңына дейін деп есептелгенімен, жалғасы мектеп жанындағы жазғы лагерьде болады. Бала үшін таныс, қолайлы орта маңызды. Бұл жоба жақсы нәтиже береді деп сенеміз, – дейді Ақтау қаласындағы N19 мектеп-лицейінің директоры Мәдина Мұратбайқызы Әбдиева.
Енді мектеп-лицейдің ұжымы жазғы лагерьге аталған мектептің оқушыларын ғана емес, басқа да балалар мен олардың ата-аналарын шақыру мүмкіндігін қарастыруда.