Бұл туралы Ақтау қаласы әкімі халықпен есеп беру кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Биылғы жылдың 2-тоқсанындағы мәліметтер бойынша Ақтау қаласына келген туристер саны 116 457 адамды құрады. Бұл облысқа келген туристер санының 89,8 пайыздық үлесін құрайды. Қалада 60 орналасу орыны, 18 демалыс аймақтары, 3 аквапарк бар. Туристер санының жыл сайын артуына байланысты соңғы бес жылда бірқатар жұмыстар атқарылды. 4а шағын ауданында орналасқан жағажай кәсіпкерге сатып алу құқығынсыз 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Өзіңізге белгілі теңіз туризмі дамып келеді. Кемелер сатып алынды. Алайда олардың қызмет көрсетуне жол ашатын ыңғайлы айлақтар қажет. Біз осы саладағы мамандармен ақылдасып 5-6 айлақ салу қажеттігін анықтадық. Алайда Каспий теңізінің сулары алып жатқан жер телімдері Маңғыстау облысының атқарушы органдарының құзіретіне жатпайды. Оларды беру тәртібі өкілетті органдардың , оның ішінде Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының келісімдерімен жүзеге асыралады. Сондықтан теңіз аумағынан жер телімдерін игеру мүмкіндігі бүгінде қолжетімсіз. Мәселені шешу мақсатында Маңғыстау облысы әкімі атынан Премьер Министр атына арнайы хат жолданып, іссапар барысында осы мәселе талқыланып, жуық арада шешілетіндігі мәлім болды. Нәтижесінде облыс және қала әкімі құзіретті министрліктермен бірігіп, ҚР Үкіметінің қаулы жобасы жасақталу үстінде. Ағымдағы жылдың аяғына дейін қаулы шығады деп күтілуде»,-деп мәлімдеді Ербол Ізбергенов.